Өңірлерде Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қолдау тетігі кеңейіп келеді

Жарияланған күні: 09.10.2026


Ақтөбе облысында «Азаматтық әріптестік: жаңа форматтар – ортақ шешімдер» конференциясы өтті. Іс-шара аясында азаматтық қоғамды қолдау, Үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттық қаржыландыруды дамыту және әлеуметтік жобалардың нәтижелілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік мәселелерді шешуге азаматтық секторды тартып, жергілікті бастамаларды мемлекеттік гранттар арқылы қолдауға басымдық беруде. 2026 жылы гранттық қаржыландыруға көшкен өңірлер саны 2025 жылға қарағанда өсті. Бұл ретте жобалар санымен қатар, олардың нақты әлеуметтік нәтижесіне назар аудару маңызды.

Осы мәселелер конференция аясында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басшылығының қатысуымен өткен «Әлеуметтік жобалар: қаржыландырудан нәтижеге дейін» панельдік сессиясында талқыланды. Кездесуде гранттық қаржыландыру тәжірибесі, әлеуметтік жобалардың тиімділігі және олардың нақты әлеуметтік әсерін күшейту жолдары қарастырылды.

Гранттық қолдауға деген сұраныстың артуы алдағы жоспарлардан да байқалады. Мәселен, Ақтөбе облысында 2026 жылы 4 гранттық жоба болса, 2027 жылы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттық жобалар санын екі есеге арттыру жоспарланып отыр.

Конференцияда азаматтық секторды қолдау инфрақұрылымы, өңіраралық ынтымақтастық және азаматтық қоғамды дамытудың жаңа құралдары да сөз болды.

«Өңірлер дауысы» ашық микрофонында қатысушылар өз тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, өңірлік ресурстық және азаматтық орталықтар арасында тәжірибе және әдістемелер алмасу, сараптамалық қолдау көрсету және бірлескен бастамаларды дамыту мәселелері қарастырылды.