«Заң мен тәртіп»: ҮЕҰ құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша жобаларды жүзеге асыруда

Жарияланған күні: 29.09.2026


«Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуде азаматтық қоғам институттары да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қолдауы аясында ҮЕҰ азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, құқық бұзушылық пен есірткі қылмысының алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау және жазасын өтеген адамдарды қоғамға бейімдеу бағытында жобаларды жүзеге асыруда.

Соның бірі – «Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған» жобасы. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мамандарға 2300 өтініш түсіп, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді. Осы кезеңде 50 іс-шара ұйымдастырылып, 6 мыңнан астам адам қамтылды.

Құқықтық ағарту жұмыстары өңірлерде де жүргізілуде. Жетісу облысының Алакөл ауданында «Adal Qadam» жобасы Үшарал қаласы мен 12 ауылды қамтыды. Нәтижесінде, 13 кездесуге 399 тұрғын қатысып, 82 құқықтық консультация берілді.

Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған тәсілдер де әртүрлі. «Жастарды құқықтық тәрбиелеу—сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы аясында 3545-ке жуық жастар прокуратура және полиция өкілдерімен кездесіп, құқықтық жауапкершілік, киберқауіпсіздік, есірткі қылмысына тартылу қаупі мен лудоманияның алдын алу мәселелерін талқылады. Алматы облысында «SAQTAN-2026» жобасы аясында полиция, жергілікті атқарушы органдар және еріктілердің қатысуымен 20 түнгі профилактикалық рейд пен жастарға арналған 15 семинар өткізілді.

Есірткінің алдын-алуда үкіметтік емес ұйымдар дәстүрлі түсіндіру жұмыстарымен қатар жаңа құралдарды да қолдануда. Республикалық «Esirtkisiz QAZAQSTAN» жобасының өңірлердегі Meet Up алаңдарында мемлекеттік органдар, прокуратура, полиция және жастар ұйымдары профилактиканың заманауи тәсілдері мен «Mergen» ақпараттық жүйесін қолдану мүмкіндіктерін талқылады. «Zhetysu Digital Anti-Drug Hub» жобасы Жетісу облысының 8 ауданы мен 2 қаласын қамтиды. Мұнда заңгер, психолог және нарколог қызмет көрсетеді, ал SafeLine арқылы 218 адам кеңес алған.

«Заң мен тәртіп» бағытындағы жұмыс құқық бұзушылықтың алдын алумен ғана шектелмейді. Атырау облысында «Жаңа белес» жобасы аясында №79 әйелдер түзеу мекемесінде сотталған азаматтар ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, 100 бұйым әзірледі. Ал, Астана, Ақмола және Қарағанды облыстарында «ReStart» жобасы жазасын өтеп шыққан 100 жасқа жұмысқа орналасу, білім алу, тұрғын үй және мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша кеңес берілді.               Аталған жобалар «Заң мен тәртіп» қағидатының құқықтық ағартудан бастап, құқық бұзушылықтың алдын алу мен азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуге дейінгі бағыттарды қамтитынын көрсетеді.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы гранттық қолдау арқылы ҮЕҰ-ның осы бағыттағы бастамаларын іске асыруға мүмкіндік беріп келеді.