12 тамыз – Халықаралық жастар күні

Жарияланған күні: 12.08.2026


Бүгінгі жастар жаңа идея ұсынып қана қоймай, оны жүзеге асыруға ұмтылатын, қоғамдағы өзгерістерге белсенді араласатын буын.

Қазақстандық жастардың бастамалары да сан түрлі. Бірі волонтерлікпен айналысып, қоғамға көмектессе, енді бірі экологиялық жобаларға атсалысады. Кәсіпкерлікке қадам басып, IT саласында білімін жетілдіріп, студенттік ортада жаңа бастамаларды қолға алып жүрген жастар да аз емес.

Осындай бастамаларды қолдау – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жұмысының бір бағыты. Қазір Орталықтың қолдауымен еліміздің бірқатар өңірінде жастарға арналған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың арасында волонтерлік қозғалысты дамыту, ауыл және жұмыссыз жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, IT-құзыреттерді арттыру, студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту және жастарды экологиялық жобаларға тарту бағыттары бар.

Біз үшін ең маңыздысы – жастардың жақсы идеясы қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске айналуы. Өйткені кейде үлкен өзгеріс шағын ғана бастамадан басталады.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы барша жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтайды!

Жаңа нәрсені байқап көруден қорықпаңыздар, ізденуден және алға ұмтылудан жалықпаңыздар. Идеяларыңыз қолдау тауып, бастаған істеріңіз нәтижесін берсін!