Жарияланған күні: 29.07.2026
Армения Республикасының Капан қаласында өткен «Капан – ТМД-ның жастар астанасы – 2026» халықаралық бағдарламасы аясында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар қоғамдық ұйымдарының форумы өтті.
Қазақстан делегациясының құрамында форум жұмысына «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мансия Есекеева қатысты.
Форум барысында Мансия Есекеева Орталықтың жастар саясаты саласындағы қызметі мен мемлекеттік гранттық қаржыландыру тетігі арқылы жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы баяндама жасады.
Атап айтқанда, жастар ұйымдарын қолдау, еріктілік мәдениетін дамыту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар таныстырылды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының тиімді серіктестігі жастар саясатын іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі екені атап өтілді.
Форум аясында ТМД елдерінің өкілдері жастардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, еріктілік қозғалысын қолдау және жастар бастамаларын іске асырудың тиімді тәжірибелері бойынша пікір алмасты.
Осындай халықаралық диалог алаңдары тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және ТМД кеңістігіндегі жастар ұйымдарының өзара ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.