Қоғамдық кеңестер хатшыларына арналған KazKenes ақпараттық жүйесі бойынша онлайн-семинар өтті

Жарияланған күні: 09.07.2026


Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қолдауымен Қоғамдық кеңестердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу аясында барлық деңгейдегі Қоғамдық кеңестер хатшыларына арналған KazKenes ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу бойынша онлайн-семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – Қоғамдық кеңестер хатшыларының KazKenes ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру, ақпаратты уақытылы әрі сапалы орналастыру тәртібін түсіндіру және жеке кабинеттерді тиімді басқару бойынша әдістемелік қолдау көрсету.

Семинарды Қазақстанның Азаматтық альянсының директоры Нұрас Ералы бастады. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің Қоғамдық кеңестер қызметі мәселелері басқармасының басшысы Ләззат Распеки қоғамдық кеңестер қызметін жетілдірудің өзекті бағыттары мен ақпараттық жүйені тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Практикалық бөлімде KazKenes ақпараттық жүйесінің сарапшысы Әсел Нұрханова платформаның негізгі функционалын таныстырып, ақпаратты енгізу және жариялау тәртібі, жеке кабинетті басқару, сондай-ақ жүйенің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, тәжірибелік ұсынымдар берілді.

Онлайн-семинарға еліміздің 40 өңірінен Қоғамдық кеңестердің хатшылары қатысты. Іс-шара қоғамдық кеңестер қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ KazKenes ақпараттық жүйесін өңірлерде бірізді қолдану тәжірибесін қалыптастыруға бағытталды.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы алдағы уақытта да Қоғамдық кеңестердің институционалдық әлеуетін нығайтуға және олардың қызметін әдістемелік қолдауға бағытталған оқыту іс-шараларын жүйелі түрде жалғастырады.