Астанада алғаш рет Отбасын қолдау орталықтарының халықаралық форумы өтті

Жарияланған күні: 19.05.2026


Халықаралық отбасы күні аясында елордада «Отбасы институты: диалог, серіктестік, даму» атты халықаралық форум ұйымдастырылды. Бұл форум — Қазақстандағы Отбасын қолдау орталықтарының басын қосқан алғашқы ауқымды алаң ретінде тарихқа енді.

Форумға еліміздің барлық өңірлерінен Отбасын қолдау орталықтарының өкілдері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы, әлеуметтік сала мамандары қатысты.

Бұл кездесу тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, соңғы жылдары қалыптасып келе жатқан отбасыны қолдау жүйесінің жаңа кезеңге өткенін көрсеткен маңызды оқиға болды.

Бүгінде Қазақстандағы Отбасын қолдау орталықтары қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсететін, әлеуметтік сүйемелдеуді жүзеге асыратын және отбасы құндылықтарын нығайтатын маңызды институтқа айналып келеді. Алғашында жекелеген бастамалар ретінде басталған жұмыстар бүгінде республика көлемінде жүйелі бағытқа ұласты.

Отбасы институтын дамыту мен орталықтардың жұмысын жетілдіруге мемлекеттік органдар, өңірлік командалар, әлеуметтік сала мамандары және халықаралық серіктестер елеулі үлес қосты. Мемлекет тарапынан отбасы саясатын нығайтуға ерекше басымдық беріліп келеді.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасындағы Отбасы және әйелдер құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдері, сондай-ақ өңірлердегі басқарма басшылары мен Отбасын қолдау орталықтарының жетекшілері қатысты.