Инклюзия бойынша тәжірибе алмасу: Қазақстандық сарапшылардың Ресей Федерациясына сапары

Жарияланған күні: 01.11.2024


2024 жылдың 13-25 қазан аралығында Қазақстанның инклюзия саласындағы сарапшылары Мәскеу, Санкт-Петербург және Сочи қалаларына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Біріңғай грант операторының гранттық қолдауымен жұмыс сапарын жүзеге асырды. Сапардың негізгі мақсаты – білім беру мен жұмыспен қамту саласында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау бағытында серіктестік байланыстарды нығайту және тәжірибе алмасу.
Сарапшылар Бегалиева Захира, Мұрат Aида және Сұлтанова Ботагөз Ресейдегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығы мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдармен, соның ішінде «Перспектива», Бүкілресейлік мүгедектер қоғамы, «Рауль» және «Всё получится» қорлары, сондай-ақ «Инклюзия Сочи» және «Включи» деп аталатын ұйымдармен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында мүгедектігі бар тұлғалардың кәсіби даярлығы мен жұмыспен қамтылуы, білім берудің қолжетімділігі, цифрлық инклюзияны дамыту, сондай-ақ мүгедектігі бар жастарды қолдау мақсатында корпоративтік волонтерлік бастамалар талқыланды.
Нәтижесінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды, сондай-ақ инклюзивті қоғамды дамыту шеңберінде екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту туралы ұйымдармен уағдаластыққа қол жеткізілді.