Нью-Йоркте қазақстандық сарапшылар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі азаматтық қоғамның рөлін талқылады

Жарияланған күні: 31.10.2024


2024 жылғы 23 қазанда Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде «Өзгеріс күші: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп танудағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыбында пікірталас өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Бірыңғай грант операторының қолдауымен «ADAM DAMU» Еуразиялық гуманитарлық орталығы» ҚҚ және «Солидарность» әлеуметтік даму қоры» ҚҚ ұйымдастырды.

Шараға БҰҰ-ның түрлі құрылымдарының, мүше мемлекеттер мен сараптамалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Қатысушылар азаматтық бастамаларды қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша, оның ішінде алдын алу шараларын күшейту және заңнамаға «харассмент» пен «сталкинг» ұғымдарын енгізу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, қазақстандық сарапшылар – халықаралық гендерлік саясат бойынша маман, «Adam Damu» қорының басшысы Аида Альжанова, адвокат Жанна Уразбахова және М. Нарикбаев атындағы Университеттің профессоры Муслим Хасенов Қазақстанда азаматтық қоғамның әйелдер құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тану бағытындағы жұмыстарының нәтижелерін ұсынды.

Іс-шара азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара әрекеттестігінің, халықаралық ұйымдармен тәжірибе алмасудың және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудағы күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.