Жарияланған күні: 07.06.2024
Қазақстанның барлық өңірлерінде Birgemiz жалпыұлттық жобасы аясында волонтерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін шағын гранттар байқауына өтінімдерді қабылдау аяқталды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылған Birgemiz жобасының мақсаты – азаматтарды жергілікті мәселелерді шешуге белсенді тарту.
Биылғы жылы байқауға қатысу өтінімдерін Birgemiz жобаларын жүзеге асыратын 8 үкіметтік емес ұйым қабылдады. 2024 жылғы байқау аясында әрқайсысы 300 мың теңгені құрайтын 240 шағын грант берілетін болады.
Қазіргі уақытта үкіметтік емес ұйымдар мен байқау комиссиясы келіп түскен барлық өтінімдерді өңдеуден өткізуде. Іріктеу процессі кезінде жобалардың маңыздылығына, тиімділігі мен тұрақтылығына басымдық беріледі. Байқаудың нәтижелері ағымдағы жылдың 18 маусымында жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, Birgemiz жобасы Қазақстандағы волонтерлер қозғалысын қолдауға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Бағдарлама соңғы үш жылдың ішінде жергілікті жерлерде көптеген маңызды жобаларды жүзеге асыруға көмектесіп, өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Өткен жылдары Birgemiz аясында қолдау тапқан жобалардың сәтті мысалдары жетерлік. Бұл – аумақтарды тазарту бойынша экологиялық акциялар, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетудің әлеуметтік бағдарламалары және жастарға арналған мәдени іс-шаралар. Осы жобалардың әрқайсысы жергілікті қоғамдастықтардың дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға өзіндік үлесін қосты.