Жарияланған күні: 27.05.2024
Астанада ҮЕҰ өкілдері мен әлеуметтік кәсіпкерлерді «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде арнайы курста оқыту нәтижелері бойынша әлеуметтік идеялар байқауы өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Байқау жеңімпаздарының бірі – «Өмір сыйла» қайырымдылық қоры ұсынған жоба. Аталмыш жоба аясында сүт безі қатерлі ісігін ерте тексеруге шақыратын шоперлердің жаппай өндірісін іске қосу ұсынылды.
Қордың негізін қалаушы Марина Бошельдің айтуынша, қайырымдылық қорында сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылған 17 қатысушы бар. Олар бірлесе отыра онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін тұрақты тексерулерден өтуге шақыратын сөмкелер мен ас үй алжапқыштарын тігу шеберханасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанның кез келген бұрышындағы әйелдердің біздің бұл шақыруларымызды көріп, қажетті қолдауға ие болғаннан кейін барлық ресурстарын емделуге және қалыпты өмірге тез оралуына бағыттау. Сүт безінің қатерлі ісігі үкім емес. Сондықтан біз әйелдер қауымын ерте диагностикадан өту мәселесіне назар аударуға шақырамыз», – дейді Марина Бошель.
«Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҚеАҚ қолдауымен үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Осы кезеңде жоба өзінің тұрақтылығын көрсетіп, ҮЕҰ мен Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлерінің көптеген өкілдерін біріктірді. Оқыту бағдарламасы жыл сайын әлеуметтік бизнесті және ҮЕҰ қызметін дамытудың трендтері мен үрдістерін, жоба тыңдаушыларының сұраныстарын ескере отырып жаңартылады.
Тыңдаушылар үш ай бойы Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік кәсіпкерлік (бастамалар, жағдайлар, тәжірибелер), Қазақстанда және әлемде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау шаралары, креативті ойлау және әлеуметтік инновациялар, қаржылық аспектілері сияқты мәселелер бойынша тренингтерден өтті. Тренинг қорытындысы бойынша мектептің үздік оқушылары қазылар алқасы мүшелері мен сарапшыларға өз идеяларын ұсынады. Үздік жобалар ақшалай сыйлықтарға, тәлімгерлік қолдауға және жобаны жүзеге асыру бойынша консультацияларға ие болады, олардың табыс тарихы ҮЕҰ академиясы жобасының әлеуметтік желілерінде көрсетіледі.
«Өмір сыйла» қорының бұл бастамасы әлеуметтік кәсіпкерліктің маңызды қоғамдық мәселелерді шешуге қалай ықпал ететіндігінің жарқын мысалы болып табылады. Сөмкелер мен алжапқыштар сияқты күнделікті заттар арқылы сүт безі қатерлі ісігінің ерте диагностикасына назар аудару нәзік жандардың тұрақты медициналық тексерулердің маңыздылығы туралы хабардарлығын айтарлықтай арттырады және көптеген адамдардың өмірін сақтауға көмектеседі.