Жарияланған күні: 22.05.2024
NEET жастарына өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Zhas Project мемлекеттік жобасының нәтижесі белгілі болды. Жобаға жұмыссыз жастардан жалпы 4 мыңға жуық өтінім түскен болатын, олардың ішінен 280 өтінім іріктеуден өтті, – деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Шымкент қаласының жас тұрғыны Насиба Ағзамова сал ауруымен ауыратын балаларға арналған глютенсіз печенье өндіруге грант жеңіп алды. Бұл өнім әртүрлі ертегі кейіпкерлер түрінде болады. Сал ауруы бар балалардың құрамында глютені бар тағамдарға аллергиясы немесе жоғары сезімталдығы болуы мүмкін, сондықтан оларға глютенсіз диета пайдалы болады деген теория бар. Бұл өнімдер осындай балаларды тәрбиелейтін ата-аналарға өтеусіз көмек негізінде берілетін болады. Сонымен қатар, Насиба глютенсіз тамақ өнімдерін өндіру технологияларын үйретуді қолға алуды жоспарлап отыр.
Қостанай облысының тұрғыны Салтанат Шунанова мемлекеттік грант есебінен мүмкіндіктері шектеулі ерекше балаларға арналған «Ай-ту-ЖеңіS» мобильді планетарийін ашады. Бұл мобильді планетарий Қостанай қаласында ғана емес, одан тыс жерлерде де білім беру-ойын-сауық қызметтерінің спектріне айналмақ. Енді шалғай орналасқан ауылдардың кішкентай тұрғындарына қалаға барудың қажеті жоқ, планетарий олардың ауылдаына өзі келеді.
Жоба ұйымдастырушылары елімізде өздерінің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға дайын талантты жастардың саны өте көп және олардың көпшілігі 26 жастан асқан қала тұрғындары екенін атап өтті. Өңірлер бөлінісінде Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстары мен Шымкент қаласының жастары белсенді түрде өтінім берді. Гендерлік көрсеткіш бойынша өтінімдердің 41,4%-ы ер адамдардан, ал 58,6%-ы әйелдерден түскен.
Айта кетсек, Zhas Project жобасы жастарға жергілікті қоғамдастықтардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін қосымша ресурстарды алуға және өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттің маңызды бастамасы.
Барлық өтінімдер Zhas Project жобасын жүзеге асыратын 10 өңірлік үкіметтік емес ұйымдар арқылы қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, Zhas Project жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылады.