Жарияланған күні: 20.10.2023
Абай облысы лингвистикалық орталығының филологы Жандос Қалиақпаров, өңірге қарасты Абай ауданы орта мектебінің бастауыш сынып және математика пәнінің мұғалімдері Балауса Сайлаубекова және Айтолқын Ермекова «Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойынының жеңімпаздары атанды. Жеңімпаздарға 1 миллион теңге табыс етілді деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Астанада «Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойынының финалы аяқталды. Іс-шараны «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Додаға еліміздің барлық өңірлерінен 14-35 жас аралығындағы 150-ден астам азамат қатысты. 50 команда арасында өткен бәйгеде Абай облысының намысын қорғаған «Телқара» командасы топ жарды. Педагогтар Жандос Қалиақпаров, Балауса Сайлаубекова және Айтолқын Ермекова жеңіске жету оңай болмағанын айтады.
«Ақырғы жарыста толқығанымыз, рас. Суперфиналдағы қарсыласымыз – жамбылдық команда екі күндік шайқаста ең үздік нәтиже көрсеткен болатын. Сондықтан бізге тапқырлық қана емес, жеделдік таныту да маңызды болды. Суперфиналдың жалғыз сұрағы Алашорда тарихымен байланысты болғандықтан, түймені қарсыласымыздан бұрын бастық. Ең бастысы, біз – өз оқушыларымызға үлгіміз», – деді «Aqyl Battle Cup» республикалық ойынының жеңімпаздары.
«Телқара» командасы бас жүлде 1 миллион теңгені еншілесе, І орын алған жамбылдық «Дара» командасы 500 мың теңгеге ие болды. Маңғыстау облысынан келген «West coast» командасы ІІ орынды және 300 мың теңгелік сыйлықты иеленді. ІІІ орын мен 200 мың теңгелік сыйлық Батыс Қазақстан облысынан келген «Europolis» командасына бұйырды.
Сонымен қатар, «Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойынының қорытындысы бойынша ең креативті 3 команда анықталды. Шығармашылық командалар 300, 200 және 100 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойыны биыл алғаш рет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілді жастар арасында білім мен бірліктің негізгі белгісі ретінде насихаттау. «Тіл тағдыры-ел тағдыры» жобасы аясындағы зияткерлік шайқас 2025 жылдың соңына дейін жыл сайын өткізіледі деп жоспарланған.