Арман Ашкин: «Zhas Project» жобасының операторы конкурстық процестің барлық тұстарын пысықтап қойды

Жарияланған күні: 10.10.2023


Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Арман Ашкин ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысты деп, хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.

«Жастар кәсіпкерлігін қолдау шаралары туралы» тақырыбында өткен брифинг барысында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Арман Ашкин «Zhas Project» жобасы аясында бөлінетін шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсқа түскен өтінімдердің жіті бақылауға алынатынын алға тартты.

««Zhas Project» жобасының операторы ретінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы конкурстық процестің барлық тұстарын пысықтап қойды
Атап айтқанда, жер учаскелерін сатып алуды/жалға алуды, тұрғын үй сатып алуды/жалға алуды, автокөлік сатып алуды, грант қаражаты есебінен тікелей ақшалай қайырымдылық көмек көрсетуді, жобаны іске асыру барысында ақылы қызмет көрсету/тауарларды сату жөніндегі коммерциялық қызметті көздейтін өтінімдер қолдау таппайды.

Алынған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін шағын гранттарды бөлу грант иегерлеріне қаражатты тікелей аудару арқылы емес, ұсынған төлем шоттарының негізінде жабдықтарға, тауарларға және көрсетілетін қызметтерге мердігерлерге төлем жасау жолымен жүзеге асырылатын болады», – деді Арман Ашкин.

Еске салайық, 9-22 қазан аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінде «Zhas Project» жобасының аясында NEET санатындағы 18-35 жастағы азаматтардан шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсқа өтінімдерді қабылдау жүргізіледі.