Жарияланған күні: 29.09.2023
Елордалық Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері ер және әйел адам организмдерінің ерекшеліктері, сондай-ақ жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулардың алдын алу шаралары туралы білді деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Елордалық гинеколог Ғазиза Мұрат бастаған «Saulyq life» республикалық қозғалысының еріктілері Жасөспірімдер үйінде тұратын жеткіншектермен кездесті.
Кездесу барысында ұлдар мен қыздарға ерте жыныстық қатынас пен түсік жасатудың салдары, бедеуліктің себептері, ер және әйел адам организмдерінің ерекшеліктері туралы айтылды. Сонымен қатар, шараға қатысушылар «Жыныстық этика», «Адамның репродуктивті құқықтары», «Контрацепция түрлері және жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулардың алдын алу» сияқты тақырыптарды талқылады.
Сондай-ақ, жасөспірімдерге @saulyqlifebot telegram ботының жұмысы туралы айтылды. Оның көмегімен бозбалалар мен қыздар психолог, гинеколог және уролог сияқты мамандардың кеңесін тегін әрі жасырын түрде ала алады.
Айта кетейік, іс-шара жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау жөніндегі «Жастар денсаулығын сақтау» республикалық қозғалысы» жобасы аясында ұйымдастырылды.