АБҚО-ға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің делегациясы келді

Жарияланған күні: 11.07.2023


Жұмыс кездесуіне Қазақстандағы TIKA басшысы Хикмет Өзденоғлу, жобалар бойынша ассистент Гүлсім Амандық, сондай-ақ АБҚО Басқарма төрағасы Алия Оспанова, Басқарма төрағасының орынбасары Арман Рахимжанов пен даму және ынтымақтастық департаментінің директоры Айгерим Каримова қатысты.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) өкілдері Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ағымдағы қызметімен танысты. Кездесу барысында Алия Оспанова ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы және жалпы Қазақстандағы азаматтық секторды дамыту саласын жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс туралы айтты.

Тараптар қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешу, азаматтық қоғамды дамыту және т. б. мәселелер бойынша екі елдің сарапшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері арасында сараптама мен білім алмасу,  бірлескен іс-шаралар өткізу және оларға қатысу арқылы Түркия мен Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары арасындағы өңірлік ынтымақтастық мүмкіндігін қарастырды.

 

Айта кетейік, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) Түркия вице-президенті департаментінің бөлімшесі болып табылады. TIKA Түркияның түркі елдері мен қауымдастықтарына ерекше назар аудара отырып, дамушы елдер үшін ресми көмек ұйымдастырады.