Мемлекеттік қаржыландыруға ие болған үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік жобаларды іске асыруды бастайды

Жарияланған күні: 31.03.2017


31 наурыз күні «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» (ары қарай – АБҚО) мемлекеттік гранттарға ие болған үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша келісімге қол қойды. Ол жайында АБҚО Басқарма Төрағасы Нұрлан Өтешев мәлімдеді.

Әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды іске асыру үшін 11 бағыт бойынша 42 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Гранттар бойынша жұмыс ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады. Конкурс нәтижелері 14 наурызда жарияланған болатын. Ол туралы Нұрлан Өтешев айтып берді: «Шешім шығарылған күннен кейін АБҚО күнтізбелік жоспар мен қаржы көлемі жайында айқындау жұмыстарын жүргізді. Әрбір жоба қоғам үшін маңызды және біз, азаматтық сектор ретінде, аталмыш жобалардың сапалы іске асуына мүдделіміз. Жеңімпаздар қатарында «Жас Ұлан» бірыңғай жастар мен балалар ұйымы, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі сынды республикалық ұйымдармен қатар аймақтық ұйымдар бар. Сондай-ақ, сарапшылық комиссия ұсынысы бойынша қазіргі уақытта қоғамдық мониторингті жүргізу мен оның нәтижесі бойынша есеп беру әдістемесі жасалынып жатыр. Біз үкіметтік емес ұйымдардың осы мәселе бойынша ұсыныстарын талқылауға әзірміз».

Гранттық қаржыландыруға ие болған ұйым жетекшілерінің бірі Ольга Рыль бұл жүйенің басымдықтарына назар аударды: «Гранттық механизмдер жобаларға олардың тиімділігі мен сапасына назар аударып, қаражаттың көлеміне қарамастан жеңімпаз атануға мүмкіндік береді. Бұл жүйеде жеңімпаз атану үшін демпинг жасап қажет емес. Сонымен қатар, гранттық қаражаттың 10%-ын үкіметтік емес ұйымның институционалды дамуына жұмсауға болады. Бұл гранттық қаржыландыру жүйесінің тағы да бір басымдығы болып табылады».

АБҚО өкілдері жобалардың іске асырылуы БАҚ беттерінде тұрақты жарияланып отыратындығына кепілдік берді.

Естеріңізге сала кетейік, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» 2016 жылдың ақпан айында құрылған болатын. Орталықтың басты міндеті мемлекеттік емес ұйымдарға грант бөлу мен олардың іске асырылуына мониторинг жүргізу болып табылады. Алайда, АБҚО жеңімпаздарды өздігінен анықтамайды, жеңімпаздар сарапшылық комиссия отырысында анықталады. Ағымдағы жылы ұйым 556 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген болатын. Алайда, 5 тақырып бойынша қабылданған өтініштердің төмен сапасына байланысты жеңімпаздар анықталған жоқ.

ҮЕҰ-ды қоғамдық мониторинг жүргізуге шақырамыз.