«Болашаққа қадам» республикалық бизнес жобалар конкурсының финалы жөнінде

Жарияланған күні: 19.07.2017


Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиясы мен Әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына кіру жөніндегі тұжырымдамада бизнесті дамыту мәселесі бірінші орында тұр.

2017 жылдың сәуір айынан бері «Әйел сәулесі» қоғамдық бірлестігі «Қазақстан еріктілерінің альянсы» заңды тұлғалар бірлестігімен әлеуметтік серіктестікте Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық бағдарламасының аясында «Еңбекпен қамту қызметінің іс-әрекетін ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты – «Болашаққа қадам» республикалық бизнес жобалар конкурсын өткізу арқылы Қазақстан Республикасының ауыл тұрғындарына ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу үшін ауыл аумағында өздерінің жобалық бизнес тәсілдерін жүзеге асыру мүмкіндігін беру және ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту.

Жоба аясында 2017 жылдың 17-20 шілдесі аралығында «Ұлттық жасыл технологиялар академиясы» аумағында (Ақмола облысын, Арнасай ауылы, Қарағанды тас жолы бойында Астанадан 30 шақырым жерде орналасқан) оқыту мектебі және «Болашаққа қадам» республикалық бизнес жобалар конкурсының финалы өтуде.

Бүкіл Қазақстаннан келіп түскен 144 өтініш арасынан ең үздік 30 бизнес идея конкурстың ақтық сайысына өтті. 19 шілдеде ақтық кезеңде қатысушылар өздерінің бизнес идеяларын сарапшылар алдында қорғап, Жобалар жәрмеңкесінде ұсынды.

Жобалар жәрмеңкесінің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов мұндай іс-шаралардың бірінші кезекте ауыл тұрғындары үшін өзекті әрі маңызды екендігін атап өтті.

Қорытынды шығарылғаннан кейін 20 шілдеде екі аталым бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға бизнесті дамытуға грант беріледі: «Бизнесті бастау» – 500 мың теңгеге дейін қаржылай қолдау және «Бизнестің өсуі» – 700 мың теңгеге дейін қаржылай қолдау.

Іс-шара бағдарламасы қосымшада берілген.

Ақпаратты 4-9-49@mail.ru электронды поштасы немесе

87475312527 (Анастасия), 87786089903 (Евгения) телефондары арқылы алуға болады.