СҚО-да Қызылжар ауданының тұрғындары сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгереді

Жарияланған күні: 13.06.2023


Кәсіби қайта даярлау курстарынан мүгедектігі бар жергілікті тұрғындар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп жатқан ата-аналар, аз қамтылған, толық емес, көп балалы отбасылардың мүшелері, сондай-ақ NEET санатындағы жастар өтетін болады, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметтендіруге және бейімдеуге бағытталған «Кеңес» жобасы іске асырылып жатыр.
Жоба аясында «Жастар СӨС үшін» жастар қоғамдық бірлестігі Қызылжар ауданының Бескөл, Прибрежное және Якорь ауылдарының еңбекке қабілетті тұрғындары үшін «бір терезе» қағидаты бойынша заңгерлер мен психологтардың консультациялық көмегі көрсетілетін кеңсенің жұмысын ұйымдастырды.

Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған ауыл тұрғындары үшін қоғам белсенділері кәсіби қайта даярлау бойынша қысқа мерзімді тегін курстарды ашты. «Кеңес» жобасының үйлестірушісі Елена Огаркованың айтуынша, курс тыңдаушыларының 30 пайыздан астамы жұмысқа орналасады.
«Біз кірпік ұзарту, қасты әрлеуші, шаштараз, веб-дизайн, СММ, мобилография сияқты бағыттар бойынша курстарды дайындадық. Осы бағыттар бойынша оқытудан мүгедектігі бар еңбекке қабілетті жастағы ауыл тұрғындары, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп жатқан ата-аналар, аз қамтылған, толық емес, көп балалы отбасылардың мүшелері, сондай-ақ NEET санатындағы жастар өте алады. Тұтастай алғанда, 20-дан астам адамды оқытуды жоспарлап отырмыз. 7 бенефициарға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеміз», – дейді Елена Огаркова.
Жобаны ұйымдастырушылар атап өткендей, тыңдаушылар оқу бағытын өздері таңдайды.
Айта кетейік, «Кеңес» жобасы ағымдағы жылдың қазан айының соңында аяқталады.