Бескөл ауылының мүгедектігі бар тұрғындары әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша курстардан өтеді

Жарияланған күні: 05.06.2023


Оқытудан өткен мүгедектігі бар азаматтар 5 шағын грантты ұсыну жөніндегі конкурсқа қатыса алады деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Сенің бастауың» жобасы іске асырылуда.

Жоба Бескөл ауылында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту арқылы мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталған.
Жоба шеңберінде «АРДОС – Жүрек» мүгедектер бірлестігі» ЗТБ әлеуетті жұмыс берушілер үшін ұжымда инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша тренингтер өткізеді, әртүрлі мәселелер бойынша мүгедек адамдарға консультациялық қызметтер көрсетіп, Бескөл ауылында тұратын кемінде 5 мүгедек азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.

«Мүгедектігі бар тұрғындар үшін біз әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша оқыту курсын өткізуге ниеттіміз. Курстың соңында тыңдаушылар жобаларды қалай жазу керектігін, қандай бизнес ашу керектігін, қаржыландыруды қайдан алуға болатынын түсінеді.
Оқудан өткен адамдар шағын гранттар конкурсына қатыса алады. Мүгедектігі бар адамдарды қолдауға бағытталған 5 үздік идеяны қаржыландырамыз. Әр гранттың мөлшері 200 мың теңгені құрайды. Байқаудың арқасында мүгедектігі бар адамдар жергілікті өзекті мәселелерді шешуге ат салыса алады», – дейді «Сенің бастауың» жобасының жетекшісі Ақжан Кәрім.
«Сенің бастауың» жобасы ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін іске асырылады.