Жарияланған күні: 02.05.2023
Қызмет мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету, оларды психологиялық және әлеуметтік тұрғыда бейімдеу мақсатында құрылған деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.
Қолдау қызметі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша іске асырылып жатқан «Біз біргеміз!» жобасының аясында жұмысын бастады. Әлеуметтік жобаны ««Самал» оңалту орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігі іске асыруда.
Жоба үйлестірушісі Мадина Махметованың айтуынша, жаңа қызмет Павлодар қаласында тұратын ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін ашық.
«Мүгедектігі бар азаматтарға білім алу мен жұмысқа орналасудың көптеген түрлері ұсынылатынына қарамастан, олар педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, кәсіптік бағдарлау, құқықтық және басқа да мәселелерді шешуде үнемі қиындықтарға тап болады. Мүгедектігі бар адамдармен жалпы нәтижеге қол жеткізуді көздейтін мамандар тобы жұмыс істеген кезде психологиялық-педагогикалық көмек тиімдірек көрсетілетінін тәжірибе дәлелдеп отыр, – дейді Мәдина Махметова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға түрлі мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсетілетін болады. 25 адам білім мен құзыреттілікті арттыру жөніндегі онлайн-тренингтерден өтеді. Сонымен қатар, жобаның кемінде бес қатысушысының жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетілмек.