Жарияланған күні: 16.03.2023
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы «Ecobatys 2.0» әлеуметтік жобасы аясындағы «Шелл Қазақстан» компаниясының гранттарын ұсыну жөніндегі конкурстың қатысушылары үшін 17-31 наурыз аралығында «Эко-инкубатор» өткізеді. Іс-шара шеңберінде үкіметтік емес ұйымдар қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік жобалау саласындағы сарапшылардың семинар-тренингтерін тыңдайды.
Жалпылай алғанда, 8 онлайн тренинг ұйымдастырылмақ. Дәріске қатысушылар әлеуметтік жобалау, әлеуметтік жобаларды өңірлік БАҚ-та және әлеуметтік желілерде PR-ілгерілетудің, ҮЕҰ-ға арналған жобаларды басқарудың негіздері, су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану, жер ресурстарын қорғау және қалпына келтіру, тұрақты жер пайдалану, биологиялық әртүрлілік пен экожүйелерді сақтау және ұтымды пайдалану сияқты тақырыптарға арналған семинарларды тыңдай алады. ««Эко-инкубатор» аясындағы оқыту конкурсқа қатысушы ҮЕҰ-ға грантқа түсірген өтінімдерін өңдеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Орталықта.
Еске салайық, «Шелл Қазақстан» компаниясы экологиялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында биыл экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосуды көздейтін үкіметтік емес ұйымдарға 9 грант бөліп отыр. Әр гранттың мөлшері 7 миллион теңгені құрайды.
«EcoBatys 2.0» жобасы Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған. Қазақстандық ҮЕҰ өз экологиялық бастамаларын жоба аясында 2023 жылдың сәуір-қазан айларында іске асыратын болады деп жоспарлануда.