«Birgemiz: Taza Álem»: волонтерлердің құзіреттілігін арттыруға бағытталған 16 іс-шара өткізіледі

Жарияланған күні: 01.03.2023


Әлеуметтік жоба қазақстандықтарды экология саласындағы волонтерлік қызметке тартуға бағытталған.
Еріктілер өзендер мен орманды жерлерді тазарту, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптау және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі тренингтер сияқты әртүрлі бастамаларды іске асыруға белсене араласады.
«Birgemiz: Taza Álem» жалпыұлттық жобасының маңызды бағыттарының бірі – волонтерлерді даярлау және оқыту. 2024 жылдың соңына дейін жалғасатын жобаға кемінде 8 мың эковолонтер тартылатын болады деп күтілуде.
«Birgemiz: Taza Álem» жобасының менеджері Әйгерім Қазизованың айтуынша, биыл ұйымдастырушылар қазақстандықтардың экология саласындағы біліктілігін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараны өткізуді жоспарлап қойған.
«Ел тұрғындарының көпшілігі экология тақырыбына қызығушылық танытады. Алайда олардың көбі оқуды неден бастау керектігін білмейді. Осыған байланысты, «Әлеуметтік жобалар қоры» КҚ әртүрлі форматтағы кемінде 16 эко-жобаны өткізуді жоспарлап отыр. Бұл – дәрістер, воркшоптар, шеберлік сағаттары және қалдықтарды бөлек жинау, қоқысты кәдеге жарату тәсілдері, эко-волонтерлердің құзыреттері сияқты өзекті тақырыптарға арналған тренингтер сияқты іс-шаралар. Оқыту шараларына экологтар, эко-жаттықтырушылар  сияқты бейінді мамандар мен экология саласындағы белсенді азаматтар тартылмақ», – дейді Әйгерім Қазизова.
Сондай-ақ, жобаны іске асыру аясында шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурс өтеді. Ұйымдастырушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және экологиялық проблемаларды шешуге жұртшылықтың назарын аударуға, өзендер мен ормандарды тазартуға бағытталған іс-шараларды өткізу жөніндегі кемінде 30 волонтерлік бастаманы қолдайды. Әрбір гранттың мөлшері кемінде 300 мың теңгені құрайды.
Сонымен қатар, биыл қоғам белсенділері сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, шеберлік сағаттары, эко-жәрмеңкелер мен челлендждер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Birgemiz: Taza Álem» әлеуметтік жобасы 2020 жылдан бастап ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.