«Birgemiz: Qamqor» жобасының аясында 3 мың қарт қазақстандық қолдауға ие болды

Жарияланған күні: 24.02.2023


Қазақстанда «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасын іске асыру жалғасуда деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Үш жылдық «Birgemiz: Qamqor» жобасы қарттар үйлері мен халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне қарасты әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтардың қызмет алушыларын қолдауға бағытталған.
Жоба аясында түрлі бағыттағы волонтерлік бастамалар жүзеге асырылады: әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарындағы жұмысқа еріктілерді дайындау және оқыту, сондай-ақ, қарт адамдарға әртүрлі көмек көрсетуге бағытталған волонтерлік топтардың іс-шараларын ұйымдастыру.


Осылайша, 2022 жылы «Birgemiz: Qamqor» жобасын ұйымдастырушылар әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында жұмыс істеуге ниетті 1000 еріктіні оқытудан өткізді. Сондай-ақ, шағын гранттар конкурсының нәтижесінде 30 жеңімпаз өздерінің волонтерлік бастамаларын жүзеге асыра алды. Жоба үйлестірушісі Меруерт Өтегенованың айтуынша, бұл жобалардың көпшілігі тоқтамай, әрі қарай жалғасуда.

«Өткен жылы біз еліміздің түкпір-түкпіріндегі еріктілерді біріктірген «Қарттарға қуаныш сыйла» акциясын өткізе бастадық. 2022 жылы біз үш мың қартқа көмектесе алдық. Бұдан бөлек, біз жастарға еріктіліктің жарқын әлемін ашуды және аға буынға жаңаша көзқараспен қарауды үйретуді міндетіміз деп білеміз», – дейді Меруерт Өтегенова.

«Birgemiz: Qamqor» әлеуметтік жобасын іске асыру 2023 жылы да жалғасады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүр бойынша жалғызбасты қарттарға көмек көрсету және еріктілерді әлеуметтік өмірге тарту мақсатында түрлі бастамаларды қолдауға бағытталған шағын гранттар конкурсы өтеді. Жоба аясында биыл 300 мың теңге мөлшеріндегі 30 шағын грант бөлінеді деп күтілуде. Сондай-ақ, жоспарға сәйкес жобаға бір жыл ішінде кемінде 2 мың ерікті тартылмақ.
Айта кетейік, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Birgemiz: Qamqor» әлеуметтік жобасы 2024 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.