Жаңаарқа ауданының тұрғыны тегін тігін курстарын ұйымдастырды

Жарияланған күні: 18.11.2022


Оқыту ауқымды «Zhas project» жобасы аясында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Ағымдағы жылы Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында ауқымды «Zhas Project» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында төрт өңірде жастардың 252 бастамасы мемлекеттің қолдауына ие болды.

Мәселен, Қарағанды және Ұлытау облыстарында жасы 29-ға дейінгі 63 адам шағын грант иегері атанды. Өңірдің жобалық кеңсесінде атап өткендей, мөлшері 1 миллион теңгеге дейінгі шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсты өткізу кезінде осал топтарға жататын жастардан түскен өтініштерге ерекше басымдық берілді.

«Екі облыстан барлығы 537 өтінім келіп түсті, олардың ішінен конкурстық комиссия 63 үздік жобаны анықтады. Қазіргі уақытта қатысушылар әртүрлі бағыттар бойынша әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда: мүгедектерге арналған спорттық сабақтар, жұмыссыз әйелдерге арналған тігін курстары, аз қамтылған отбасылардағы балаларға арналған ағылшын тілі және медиа-сауаттылық курстары, балаларға арналған экологиялық гигиеналық өнімдерді тігу», – дейді «Жас Ұлан» ББЖҰ» РҚБ төрағасы Динара Сәдуақасова.

Гранттық жоба аясында Абай ауданының тұрғыны Әсем Әбілғазина балалар массажы және логопедия курстарын ұйымдастырды. Жобаның авторы заманауи технологиялар мен әдістерді қолдана отырып, балалардың сөйлеу қабілетін жақсартуға тырысады.

Жаңаарқа ауданында халықтың осал топтарынан шыққан әйелдерге арналған тегін тігу курстары өтуде. Жобаның авторы – Әйгерім Бекмырза. Шағын грант аясында 30 оқушыға арналған спорттық киім тігілмек.

Саран қаласынан жобаға қатысып жатқан Таисия Ахмадуллина халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 26 балаға киім тігуге бағытталған жобаны іске қосты.

Мүгедек баланы тәрбиелеп жатқан Әйгерім Ахметова балалардың ой-өрісін жетілдіруге арналған ойындарын, арнайы ойыншықтарын әзірлейді. Қазіргі уақытта ол балаларға арналған дидактикалық материалдарды да әзірлемек.

Айта кетейік, «Zhas Project» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.