Ақтауда студенттер мен оқушылар арасында ЭкоХакатон өтеді

Жарияланған күні: 19.07.2022


Экологиялық Хакатонға қатысушылар Маңғыстау облысының қоршаған ортасын жақсартуға бағытталған жобаларды ұсынады, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Бұл іс – шара – «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі «EcoBatys»ауқымды бастамасы шеңберінде іске асырып жатқан «EcoVision» жобасының бір бөлігі.

Эко-жобаның басты мақсаты – халықтың экологиялық проблемалардан, көміртегі бейтараптылығы туралы ақпараттандырылуын  қамтамасыз ету, сондай-ақ,тұрғындарды  экологиялық бастамаларға тарту.

Бүгінге дейін «EcoVision» жобасы аясында бірнеше әлеуметтік іс-шара өткізілді. Жуырда Ақтауда «EcoVision» экологиялық жобасының қатысушылары үшін алғашқы воркшоп өтті. Қоғам белсенділерінің айтуына қарағанда, воркшоп – бұл ғылыми зерттеулер жүргізіп, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешудің зор мүмкіндігі.

Іс-шара барысында Ақтау НЗМ оқушылары мен Yessenov University студенттері қоршаған ортаны қорғауға қатысты жобаларын әзірлеп, экологиялық сауаттылығын жақсартты.

Сонымен қатар, өңірде ұқыпты ойлау тақырыбына арналған онлайн шеберлік сағаттары өткізілді.

««EcoVision» жобасы арқылы біз жастар арасында эко-ойлау мен саналы тұтыну қағидаттарын, экологияға қатысты белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырғымыз келеді. Біздің мақсат – болашақта жергілікті және жаһандық экологиялық проблемаларға әсер ете алатын эко – көшбасшыларды тәрбиелеу», – дейді жоба жетекшісі Мадина Кинаятова.

Тамыз айында қоғам белсенділері жоба қатысушылары үшін тағы да бір оффлайн-тренингті  өткізбек.

Ал қыркүйекте Ақтау НЗМ оқушылары мен Yessenov University студенттері «Экохакатонның» қатысушылары атанады деп күтілуде.

Жарыс барысында оқушылар мен студенттер өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге арналған өз көзқарасын ұсынуы тиіс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «ЭкоХакатон» жаңа экожаңашылдықтарға серпін беріп, жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыра алады. Ал үздік жобалардың авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталады деп жоспарланған.

Еске салайық, «EcoBatys» бастамасы аясындағы әлеуметтік жобаны «Шелл Қазақстан»компаниясының және Азаматтық бастамаларды қолдау Орталығының қолдауымен «QazaqGeography» РҚБ жүзеге асыруда.

 

Құжаттар