Жарияланған күні: 12.04.2022
Әлеуметтік жобаның мақсаты – инклюзивті қоғамды дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарға толерантты қарым-қатынасты қалыптастыру, қоғамда әлсіз топтардағы азаматтарды кемсіті деңгейін төмендету, мүгедектігі бар қазақстандықтардың теңдігі, мүмкіндіктері бойынша диалогты ұйымдастыру, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтар аяушылық, дұшпандық немесе агрессия сияқты теріс реакциялармен жиі соқтығысады.
«Қазірдің өзінде біз мүгедектігі бар ересек адамдардың бала кезінде кемсітушілік фактілерін бастан кешіргенін жиі байқаймыз. Олар қоғамнан оқшауланады, олардың әлеуметтік байланыстары бұзылады. Әлеуметтік оқшаулау процесі жүреді. Иә, олар мемлекеттік жәрдемақы алғанымен, үйде отырады, қарым-қатынас орнатқан ортасы кішкентай», – деді «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаева жобаны таныстыру барысында.
Спикердің айтуынша, биыл олар инклюзивті қоғам құру мәселелері бойынша жұмыс істейтін мамандарға арнайы семинар – тренингтер өткізеді. Сондай-ақ, эмоционалды қиындықтарды жеңуде мүмкіндігі шектеулі адамдарға кәсіби қолдау көрсететін психологтар білім алады.
Қоғам белсенділерінің пікірінше, егер ата-аналар балаларына жанашырлық танытуды үйретсе, мүгедектігі бар адамдарға қатысты кемсіту оқиғаларының орын алуын тоқтатуға болады.
«Барлығы отбасынан басталады. Сондықтан инклюзивтік тәрбиеге ерте жастан ерекше назар аудару керек. Атап айтқанда, біздің ұйымның қызметкерлері балабақшалар мен жалпы білім беретін мектептердің төменгі сынып оқушылары үшін инклюзивті білім берумен айналысады. Мұндай балалар өскен кезде мүгедек адамдарға қатысты кемсітушілік әрекеттерге жол бермейтініне сенімдімін», – деді Диана Қырғызбаева.
Биыл ұйымдастырушылар өзекті мәселелерді талқылау мақсатында, сондай-ақ, диалог алаңын өткізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, жоба аясында жас қазақстандықтар үшін семинарлар өткізіліп, онда «тең-теңімен» қағидаты бойынша инклюзивті қоғам құру туралы айтылады.
Гранттық жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылады.