Жарияланған күні: 21.02.2022
ҚР АҚДМ қолдауымен Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» корпоративтік қоры NEET санатындағы жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаны іске асырды.
NEET санатына кімдер жатады және олардың проблемалары қалай шешіліп жатыр деген сауалдарға бізге Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Салтанат Тұманбаева айтып берді.
«Жоба NEET санатындағы жастарға қолдау көрсетуді көздейді. Біз жастарға белсенді өмір салтын жүргізуге көмектесуге тырыстық. NEET – бұл әртүрлі экономикалық немесе әлеуметтік факторларға байланысты жұмыспен қамтылмаған немесе еш жерде оқымайтын жастар», – деп атап өтті Салтанат Тұманбаева.
Жоба аясында республикалық жобалық кеңсе құрылған болатын. Мұнда жас қазақстандықтар тұрғын үйге, жұмысқа орналасуға, жастарға арналған мемлекеттік гранттарға қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
«Жалпы, 10 мыңнан астам жас кеңес алды. Сондай-ақ, жобаны республиканың 17 өңірінде сапалы іске асыру үшін «Жас Отан» жастар қанатымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Біз NEET санатындағы жастарды кәсіби жетілдіруге, оларды жұмысқа орналастыруға, спортқа тартуға бағытталған түрлі іс – шараларды өткіздік», – деп атап өтті Салтанат Тұманбаева.
Жоба аясында NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру, олармен атаулы жұмыс жөніндегі практикалық ұсыныстар жинақталған нұсқаулық та әзірленді. Бұл – мемлекеттік органдарға, үкіметтік емес ұйымдарға, жастар ресурстық орталықтарына және барлық мүдделі тұлғаларға арналған анықтамалық құрал.
Сонымен қатар, 21 күндік марафон форматында NEET санатындағы жастардың кәсіби және өмірлік дағдыларын дамытудың авторлық бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаның ерекшелігі заманауи трендтердің пайдаланылуында болса керек.
«Жас қазақстандықтардың көбісі оқығысы немесе жұмыс істегісі келмейтіндігін мойындаған жөн. Ешкім адамның өмірін өзгертуге мәжбүрлей алмайды. Біздің семинарларға белсенді өмірлік ұстанымы бар адамдар да қатысты. Олар өзін таба алмай жүрген жастарға бағдар бере алады деп сенеміз», – дейді Салтанат Тұманбаева.
Оның айтуынша, жастар үшін TEDx кездесулер, шеберлік сыныптары, дағдылар мен құзыреттілікті арттыруға бағытталған оқыту курстары сияқты түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіби және өмірлік дағдыларды оқыту бағдарламасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Білім беру процесіне және еңбекке тартылмаған жастарды әлеуметтендіру шараларын әзірлеу және іске асыру» жобасы аясында әзірленді.