Ақсукент ауылының тұрғындарына йога қалай көмектеседі

Жарияланған күні: 18.02.2022


Сайрам ауданына қарасты Ақсукент кентінің тұрғыны Гүлнәр Ахметова ауылдағы алғашқы йога студиясын ашты. Ол Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы өткізген шағын гранттар конкурсының жеңімпазы атанған-ды.

Өз жобасын іске асыруға кіріспес бұрын ол бірнеше жыл фитнес-жаттықтырушы болып жұмыс істеген болатын. Йогамен шұғылдануға Гүлнәрды дене шынықтыруға деген қызығушылық итермеледі. Осылайша ол арнайы курстардан өтіп, нұсқаушы сертификатын алады.

«Біз өз жобамызды мемлекеттік гранттық қаржыландыру бағдарламасының аясында іске қостық. Бастамашыл топтың мүшелерімен бірлесіп, жобаның әлеуметтік бағытты қамтуын жөн деп санадық. Мемлекет тарапынан бөлінген грантты біз алғаш рет ұтып алғанымызды бөліп айту керек», – дейді жаттықтырушы.

Грант қаражатына бастамашыл топ арнайы жабдықтар мен йогамен айналысуға қажетті аксессуарларды сатып алып, залды жалға алған болатын.

«Мен йога студиясын аша отырып, өз біліміммен бөлісе алатынымды жақсы түсіндім. Өз жобама әсіресе, егде жастағы жалғыз басты әйел азаматтарды тартқым келді. Олардың өз уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуін қаладым», – дейді ол.

Жоба қарт адамдардың бос уақытын тиімді өткізуді ғана емес, денсаулығын жақсартуды да көздеді.

«Мен Ақсукенттің қарт тұрғындары үшін сабақ кезінде бір-бірімен араласуына мүмкіндік жасауға тырыстым. Йогамен айналыса бастау ешқашан кеш емес. Бұл жаттығуларды өмір салтына теңеуге болады. Йога әдеттерді қайта қарастыруды, рухани өсуді көздейді», – деді Гүлнәр.

Тұрақты жаттығулар студияға келушілер үшін оң әсерін тигізді. Олардың көбі денсаулығының нығайғанын байқаған. Жаттықтырушы жаттығулар әртүрлі созылмалы аурулардан, суықтан және басқа да проблемалардан қорғай алатынына сенімді. Сабақтар стрессті жеңуге, тұрақты шаршаудан арылуға және эмоционалды шаршауды сезінбеуге көмектеседі.

Гүлнәрдың пікірінше, мемлекеттің мұндай қолдауы кәсіпкерлерге өңірлерде өз ісін бастауға, дамытуға септігін тигізеді.

«Мұндай жобалардың көмегімен әр адам өз ісін ашып, дөңгелете алады. Кәсіпкерлікте ең қиыны – алғашқы қадамды жасау», – деді ол.