Жарияланған күні: 18.01.2022
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған мемлекеттік гранттардың негізгі міндеттері түсіндірілді
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Онлайн кездесу барысында комитет төрағасы 2022 жылға арналған мемлекеттік гранттардың негізгі міндеттері мен мақсаттары туралы айтып берді.
Оның айтуына қарағанда, 2022 жылы ҮЕҰ-ға гранттарды ұсыну жоспарында азаматтық қоғамды дамыту мен нығайтуға бағытталған 22 жоба қарастырылған. Оның 9-ы – ұзақ мерзімді жобалар.
«Гранттарды ұсыну жоспарындағы тақырыптар үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарының және мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының негізінде құрылды.
Атап айтқанда, жоспарда денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғау, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне қатысты тақырыптар ұсынылған.
Осы тақырыптардың аясында 9 волонтерлік жобаны одан әрі іске асыру көзделген. Бұл: халықтың әртүрлі топтарын цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылыққа оқытуда волонтерлік көмек көрсетуге бағытталған «Birgemiz: Bilim» жобасы, адам денсаулығын сақтау саласына волонтерлерді тартуға бағытталған «Birgemiz: Saulyq», қоршаған ортаны қорғау жөніндегі «Birgemiz: Taza Alem», қарттар үйлеріне волонтерлерді тартуға бағытталған «Birgemiz: Qamqor», жоғалған адамдарды іздеу жұмыстарына волонтерлерді тартуға бағытталған «Birgemiz: Úmit» жобасы, волонтерлердің тәлімгерлік практикасын енгізу жөніндегі «Birgemiz: Sabaqtastyq», тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Birgemiz: Asyl Mura» жобасы, аға ұрпақты волонтерлік қызметке тартуға бағытталған «Күміс волонтерлік» жобасы және жануарларға жауапкершілікпен қарауға шақыратын «Birgemiz: Ayala» жобасы.
Сонымен қатар, ауылда азаматтық бастамаларды дамыту туралы ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында шағын гранттар беру тәжірибесі де ағымдағы жылы өз жалғасын табатын болады.
Бұдан бөлек, ҮЕҰ әлеуетін арттыру бағытталған «ҮЕҰ Академиясы», «Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үшін республикалық азаматтық орталықтың қызметін ұйымдастыру және дамыту» жобаларын да іске асыру қарастырылған», – деді Мадияр Қожахмет.
Кездесу соңында Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап берді.