Birgemiz: Saulyq жобасы шеңберінде 7 мыңға жуық адамға көмек көрсетілді

Жарияланған күні: 12.11.2021


Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында бүгін денсаулық сақтау саласына волонтерлерді тарту, науқастарды күтуге, оның ішінде хоспистерде, онкологиялық диспансерлерде көмек көрсету бағытында «Birgemiz: Saýlyq» жалпыұлттық жобасының қорытындысы шығарылды. Іс-шараға азаматтық бастамаларды қолдау орталығының жобаларды басқару департаментінің директоры Жасұлан Бисембиев, Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты істері басқармасының, №6 қалалық аурухананың, онкологиялық орталықтың, ҮЕҰ өкілдері, волонтерлер қатысты.

«Медицина жастары» РҚБ төрағасы Абылайхан Әбдіраш ұсынған ақпарат бойынша, жобамен республиканың барлық өңірі қамтылған.
«Бұл жоба осы жылдың тамыз айынан бастап жүзеге асырыла бастады. Науқастарды күтуге көмек көрсету қызметтері, оның ішінде хоспистер, онкологиялық диспансерлер тек бес өңірде ғана құрылады деп жоспарланған болатын. Алайда біз осындай қызметтерді барлық облыстарда және республикалық маңызы бар 3 қалада құра алдық. Жобаға 1210 волонтер-медик тартылды. Ауруханаларда, хоспистерде және онкодиспансерлерде жүрген жастарды денсаулық, қан донорлығы және ауыр диагнозы бар адамдарға көмек көрсету мәселелері бойынша ағарту сияқты бағыттарда 77 іс-шара өткізілді. 1000-нан астам адам заңгерден тегін кеңес алды. Өңірлерде денсаулық сақтау ұйымдарымен ынтымақтастық туралы 8 меморандумға қол қойылды. 6850 адам көмек алды», – деді Абылайхан Әбдіраш.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында атап өткендей, «Birgemiz: Saýlyq» жалпыұлттық жобасы келесі жылы да жалғасады.
Еске сала кетейік, «Birgemiz: Saulyq» жалпыұлттық жобасы денсаулық сақтау саласына волонтерлерді тарту, науқастарды күтуге, оның ішінде хоспистерде, онкодиспансерлерде көмек көрсету бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Тапсырыс беруші – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.