Қазақстанда «Жанға сыйла жылулық» акциясы жалғасуда

Жарияланған күні: 11.10.2021


Қазақстанда «Жанға сыйла жылулық» акциясы жалғасуда
«Медицина жастары» РҚБ ұйымдастырған қайырымдылық акциясы шеңберінде медицина волонтерлері ауыр науқастарға көмек көрсетеді. Волонтерлер медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды дәрі-дәрмекпен, күтім құралдарымен қамтамасыз етеді, медицина қызметкерлеріне көмектеседі, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
«Медицина жастары» РҚБ төрағасы Абылайхан Әбдіраш акция шеңберінде қайырымдылық іс-шаралары елдің барлық аймағында өткізілетіндігін атап өтті.
«Қазақстанның барлық 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласында «Медицина жастары» РҚБ филиалдары жұмыс істейді. Әр өңірде үйлестірушілер, волонтерлер бар. Олар – медициналық білімі бар жастар. Бүгінде республика бойынша 3,5 мыңға жуық медициналық волонтер өз көмегін көрсетіп жатыр. Біздің қызметіміздің бірнеше бағыты бар. Олар: денсаулық, қан тапсыру және ауруханаларда, хоспистерде және онкодиспансерлерде ауыр диагнозы бар адамдарға көмек көрсету мәселелері бойынша жастарды ағарту. Біз қыркүйек айында басталған «Жанға сыйла жылулық» акциясы аясында көмек көрсетеміз.
Мысалы, бүгін біздің волонтерлар 80-ге жуық адам қызмет алатын елордадағы хоспистердің біріне келді. Біз бұл пациенттерге аптасына 3 рет барамыз, оларға дәрі-дәрмек, күтім жасау керек-жарақтарын алып келеміз, медициналық қызметкерлерді тамақтандыруға, науқастарды серуенге шығаруға көмектесеміз», – дейді Абылайхан Әбдіраш.
Ұйым өкілі, хоспистің меңгерушісі Диас Бардабековтың айтуынша, бұл – олардың волонтерлік ұйымдармен алғашқы жұмыс тәжірибесі емес. Алайда көп жылдан бері медициналық профильдегі волонтерлер өздерінің көмегін тұңғыш рет ұсынып отыр.
«Бізде ерекше күтімді қажет ететін ауыр науқастар бар. Әрине, бізде волонтерлермен бірлескен жұмыс тәжірибесі баршылық. Ең бастысы, осы волонтерлердің бізді тапқанына, бізге көмектесіп, қажетті қаражат пен азық-түлік әкелгеніне өте қуаныштымыз. Өйткені, олардың медициналық білімі бар, жұмыстың мәнін түсінеді, пациенттерге қалай қарау керек, оларға қалай қамқорлық жасау керектігін түйсінеді. Олар өз ісін жақсы біледі.
Шынымен көмек керек. Кемінде, волонтерлер пациенттермен сөйлесу үшін науқастарға назар аударса да оның өзі неге тұрарлық. Себебі біздің санитарлар әркімге көбірек уақыт бөле алмайды. Физикалық тұрғыдан бізде уақыт жоқ. Ал волонтерлар олармен сөйлесе алады. Міне, сол кезде біздің пациенттер қалай жадырағанын көресің, оларға немерелері келгендей қуанады», – деп атап өтті Диас Бардабеков.
Ал волонтер Аружан Нұрмахан медициналық білімі бар жастар командасында волонтер бола отырып, өзі үшін көп жаңашылдық алғанын айтады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ол тіпті әріптестерін медициналық волонтерлер қатарына шақырған.
«Мен «Астана медицина университетінде» оқимын. Еріктілікпен үш жылға жуық уақыт айналысамын. Бірақ мен медициналық жастар ұйымына 2 ай бұрын кірдім. Біз қарт науқастарға, хоспистерге, ауруханаларға көмек көрсету маусымын аштық. Мұнда мен өз туған-туыстарымды бағалай білуді, олардың денсаулығын бағалай білуді үйрендім, сондықтан барлық медициналық жастарды біздің қатарға шақырамын», – деді ол.
Айта кетейік, «Жанға сыйла жылулық» акциясы «Birgemiz: Saulyq» жалпыұлттық жобасын іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау саласына волонтерлерді тарту, науқастарды күтуге, оның ішінде хоспистерде, онкодиспансерлерде көмек көрсету бойынша өткізіледі. Ол Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Тапсырыс беруші – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.