«Жұмыс пен білімнен шет қалған жастарды (NEET санат) әлеуметтендіру шараларын дайындау және іске асыру» атты жоба көпшілікке жол тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Nur Otan партиясы «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының орынбасары Айгерім Серікжанова онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында айтты. «Жоба аясында Nur Otan партиясы орталық аппаратының кеңсесінде республикалық жобалық кеңсе ашылды. Онда жастар құқықтық, психологиялық мәселелер бойынша және басқа да проблемалар бойынша онлайн режимде кеңес ала алады. Сол үшін call-орталық жұмыс істейтін болады. Жобаны сапалы іске асыру үшін республиканың 17 өңірімен тығыз ынтымақтастық туралы меморандум жасалады. Біз NEET санатындағы жастардың өмірін жақсартуға және кәсіби жетілуіне, оларды жұмысқа орналастыруға, спортқа тартуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіп, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырамыз», – деді Айгерім Серікжанова. Оның айтуынша, жобаны іске асыруға қатысқысы келетін барлық санаттағы жастар барлық ақпаратты Батыс Қазақстан облысындағы жобалық кеңсенің және «Болашақ» корпоративтік қорының әлеуметтік желідегі парақшаларынан біле алады. Жобаны «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» мемлекеттік гранты аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен қолға алып отыр.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/zhumyssyz-zhastarga-arnalgan-tagy-bir-zhoba-kopshilikke-zhol-tartty_a3783200