ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН ӘЙЕЛДЕРДІҢ 40% – ДАН АСТАМЫ КҮЙЕУЛЕРІНЕ ҚАЙТА ОРАЛАДЫ

Жарияланған күні: 08.04.2021


Бұл туралы “Қазақстанның тең құқықтар мен мүмкіндіктер институты” ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева “Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс істеу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру” Республикалық жобасының басталуына арналған онлайн баспасөз-конференциясыда айтты.

Іс-шараға ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” Басқарма төрайымы Лима Диас және басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

“ARASHA” баспана мысалында (Алматы қ.) біз тұрмыстық зорлық – зомбылық құрбаны болған әйелдердің 40%-дан астамы агрессор жұбайларына оралатынын көреміз. Әр түрлі себептері бар – біреулері суымаған сезімдерінің жетегінде күйеуіне қайта келедіі, біреулерінің баратын жері жоқ. Күйеуі түзелуге уәде береді. Осы әйелдердің жартысы өмірлерін жаңадан бастап отбасында қалады, екінші жартысы  қайтадан бізге  жүгінеді”, – деп түйіндеді Маргарита Өскенбаева.

Осыған байланысты, осы жобаны іске асыру аясында агрессорлармен жұмыс істеудің практикалық әдістері нұсқаулықтар мен әрекеттер алгоритмін жасау арқылы қолданылады.

“Жоба тұрмыстық зорлық – зомбылықтың алдын алуға және Қазақстандағы жағдайды жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдауға бағытталған, – деді спикер. – Бұл, мысалы, дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру. Біз олардың еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтінін білеміз, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсетудің стандарты бар. Бірақ олардың нақты саны әлі белгісіз”.

Мысалы, жоба аясында Қор алғаш рет еліміздің 10 әскери оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізетін күш ведомстволарының отставкадағы қызметкерлерін ерлермен әңгімелесуге тартады.

“Оларда ер адамдар білім алады – болашақ полицейлер, әскерилер, – дейді Маргарита Өскембаева. – Баспана тәжірибесінде күштік құрылым өкілдері отбасында агрессор болған жағдайлар болды. Олар эмоцияға берілмей, мәселені күш қолдану әдісі арқылы шешуге үйренген. Жұмысы ауыр. Үйге келіп, әйеліне, балаларына мінез көрсетеді. Ал таңертең дым болмағандай  гүл беріп кешірім сұрайды және әрі қарай өмір сүре береді. Әйелдер мұндай жағдайға көніп, ондаған жылдар бойы солай өмір сүруге мәжбүр”.

Лима Диас өз сөзінде осы жобаның басты мақсаты туралы айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету жөніндегі дағдарыс орталықтарына алғыс білдірді:

“Осы жоба аясында серіктес болған дағдарыс орталықтарына шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні аталған орталықтар қаржылық қиындықтарға қарамастан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құпиялылығын, тұрғын үй, психологиялық, заңдық және әлеуметтік көмек тұрғысынан кешенді қолдауды қамтамасыз етуде”.

Сондай-ақ, жоба шеңберінде Қазақстан өңірлерінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру жөніндегі алғашқы республикалық жобалық кеңсе құрылатын болады. Агрессорлардың қолынан зардап шеккен 500 әйел мен олардың балаларына психологиялық көмек көрсетіледі.

Осы жобаны іске асыру шеңберінде агрессорлармен жұмыс істеуге оқыту бойынша тренингтер мен вебинарлар жоспарланған: әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі 75 инспектор және кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспектор барлық өңірлерде оқудан өтіп, өз біліктілігін арттырады.

Естеріңізге сала кетейік, жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қолдауымен жүзеге асырылуда.