Қазақстанда «Қайырымды істер марафоны» басталды

Жарияланған күні: 10.02.2021


Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы басталды.
Аймақтар донорлар мен меценаттар кездесуіне бейне-конференц-байланыс арқылы қосылды. Сондай-ақ, аталған кездесу Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Іс-шараға министр Аида Балаева, бизнес және үкіметтік емес сектор, қайырымдылық және еріктілер ұйымдары өкілдері, атап айтқанда, «Aitas KZ» АҚ президенті Ксения Верба, «Altyn Qyran Foundation» қорының директоры Айтмағанбет Мақсұтбек, Қазақстанның волонтерлер лигасының төрайымы Ерниязова Айсұлу және басқалар қатысты.
Еске сала кетейік, 2020 жыл – Волонтерлік жылы деп жарияланып, барша қазақстандықтарды қайырымды істер аясында біріктірді. «Бүгінгі таңда еліміздегі волонтерлер саны 100 мыңға жуық адамды құрайды. Олар үшін «адамдарға көмек беру» тек жоғары гуманистік әрекет емес, өмірдің нормасы мен жан қалауы», — деді Аида Балаева.
Қатысушылар қайырымдылық бастамалар, еріктілер қызметін дамытудағы бизнестің рөлі, донорлық қызметтегі халықаралық тәжірибе, қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуде азаматтық белсенділіктің рөлі, қазақстандық волонтерлік тәжірибе туралы ойларымен бөлісті.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы Лима Диас «Қайырымды істер марафоны» ұлттық жобасымен таныстырды. Атап айтқанда, білім беру мекемелерінде (мектеп, колледж, университет) сынып сағаттары, онлайн-тренингтер мен фандрайзинг, корпоративті волонтерлік бойынша шеберлік дәрістері өтеді. Марафонға барлық қазақстандықтар, оның ішінде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері, білім беру мекемелері қатыса алады.
Талқылау барысында корпоративті сектордың өкілі Әсел Қожақова БАҚ өкілдерін марафон шаралары туралы ақпараттандыруда белсенді қатысуға, адамдарды жақындары мен мұқтаж адамдарға жақсылық жасауда ақпараттық түрткі болуға шақырды. Кездесу барысында, пікіралмасуға Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев те қосылып, «Қайырымды істер марафоны» шараларына шетелде тұратын отандастарды тартуды ұсынды.
Аида Балаева өзінің қорытынды сөзінде барлық азаматтық қоғам институттарына жергілікті жерлерде белсенді болып, бүкілхалықтық игілікті істерге өз үлестерін қосуға шақырды.
«Мен меценаттық қызметті жүзеге асыратын барлық кәсіпкерлерге қоғамдық және азаматтық бастамаларды белсенді түрде қолдауға шақырамын», – деді министр.
Қатысушылар қоғамды осы жоба аясында біріктірудің маңыздылығы – мемлекет пен қайырымдылық ұйымдарының өзара тығыз әріптестігінде екенін атап өтті.
“Қайырымды істер марафоны” жалпыұлттық жобасының үйлестірушісі – “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” КЕАҚ”