Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына оның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет»,-деген болатын. Бүгінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет бюджетінен грант беруші жалғыз оператор болып табылады. Орталық гранттары қандай мәселелерді шешуге бағытталған? Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың болашағы қандай? Бұл туралы басқарма төрайымы Бәтима Мукина «Адырна» тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
– Бәтима ханым, Қазақстандағы қоғамдық қорлардың даму деңгейі қандай? Бүгінгі күнге дейін нендей жетістіктерге қол жеткізді?
– Қоғамдық ұйымдар ғана емес, әртүрлі үкіметтік емес ұйымдар мен коммерциялық емес ұйымдар қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес дамуда. Елімізде олардың қызметі толық реттелген. Бюджет заңнамасына сәйкес олардың қызметін қолдаудың өзге де құралдары бар. Бұл – мемлекет тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қаржыландыруы. Бұдан басқа, Қазақстанда қоғамдық қорлардың дамуын әр түрлі донорлар және бизнес қолдайды. Мұның бәрі олардың қызметін жандандыруға ықпал етіп отыр. Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдар айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін мойындау керек. Тіпті еліміз тәуелсіздік алған алған кезде құрылып, әлі күнге жұмыс істеп, дамып келе жатқан ұйымдар да бар.
Азаматтардың бастамасын қолдау орталығы арқылы гранттық қаржыландыруға ие болған компаниялар арасында 15 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан компаниялар бар. Олар – өте беделді ұйымдар. Бұл компаниялар мемлекеттік тапсырысты ғана емес, сонымен қатар шетелдік жобаларды іске асырып отыр, соның ішінде халыққа әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ, нормативтік-құқықтық актілерді жазуға атсалысады, пікірталастарға қатысады, қоғамды алаңдататын мәселелерді белсенді көтереді, көрсетілуі тиіс өз нормаларын ұсынады. Қазақстанның қоғамдық ұйымдары халықаралық пікірталас алаңдарында да белсенді. Бұл олардың шетелде танымал екенін көрсетеді.
Еліміздің әлеуметтік саяси өмірінде түбегейлі өзгеріс болып жатыр, себебі халықтың азаматтық белсенділігі артып келеді. Мемлекет “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын дамыта отырып, үкіметтік емес сектормен өзара қарым-қатынас орнату тәсілдерін өзгертуде. Биылғы жылы Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен бәсекеге қабілетті үкіметтік емес секторды дамыту үшін жаңа жағдайлар жасау мақсатында пилоттық режимде “ҮЕҰ академиясы” жобасы іске қосылды. Оны “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” КЕАҚ ұсынған гранттық қаржыландыруға “Азаматтық бастамалар орталығы” қоғамдық бірлестігі жүзеге асырады. Жоба 15 қыркүйекте іске қосылды. Екі ай ішінде осы жоба аясында Қазақстанның 300-ден астам үкіметтік емес ұйымдары оқытылды. Дәрістерді Қазақстан, Ресей, Беларусь Республикасы, Қырғызстан елдерінің танымал сарапшылары мен бизнес-тренерлері өткізді. Сабақ онлайн форматта болғандықтан, кез келген адам “ҮЕҰ академиясының” қатысушысы болуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде 800-ден астам адам курс тыңдаушысы болды.
“ҮЕҰ академиясы” жобасы аясында атқарылған жұмыс нәтижесі алға қойылған барлық міндеттің іске асырылғанын көрсетеді. Жобаның әлеуметтік тиімділігі жергілікті, өңірлік ҮЕҰ арқылы нақты міндеттерді шешу және ҮЕҰ қызметкерлерінің құзыреттілігін арттыруда көрінеді. Өз басым құрылған “ҮЕҰ Академиясы” осы секторды дамыту үшін жақсы жағдай жасап, үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлерінің құзыретін арттыратынына сенімдімін.
Қазір үкіметтік емес ұйымдардың кәсібилік деңгейі артты деуге негіз бар. Осыдан 10 – 20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, өзгеріс жер мен көктей. Биыл тамыз айында Қазақстан Республикасында Азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Онда елімізде азаматтық қоғам саласын дамыту қадамдары көрсетілді. Бұл тұрғыда әлі де ұсыныстар жасалып жатыр.
– «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттары қандай мәселелерді шешуге бағытталған?
– Бүгінде 116 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде аймақтарда тұтынушылардың құқығын қорғау саласында халықтың сауаттылығын арттыру үшін 14 жоба бар. Ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру үшін де 14 жоба іске асырылып жатыр. 6 жоба азаматтық қоғамды дамытуға, 20 жоба жастар және отбасы саясатын қолдауға арналған. Қазіргі таңда үш зерттеу жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, жалпы азаматтық бірегейлікке және қазақстандық патриотизмді дамытуға арналған да жоба бар.
Негізгі серіктесіміз – ҮЕҰ. Біз әлеуметтік жобалардың қалай іске асырылып жатқанын бақылаймыз, яғни сапасына үлкен мән береміз. ҮЕҰ кәсіби біліктілігін арттыруға баса назар аударамыз. Сондай-ақ, әлеуметтік жобалардын сапасына және олардың мониторингіне жауап береміз. Іске асырылып жатқан жобалар аясында тағы 834 шағын грант іске асырылуда. Яғни, еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекет 86 үкіметтік емес ұйымдар арқылы азаматтық бастамаларды іске асыруға көмектеседі. Олар нақты мәселелерге бағытталған. Сондықтан болар, нәтижесі айқын көрініс табуда. Көмекті нақты адамдар алып жатыр. Әр аймақта гранттық жобалар аясында 500 мыңнан 8 шағын грант бөлінді. Бұрын мектептердің жанында балалар алаңдары болмаған еді. Бүгінде олар салынып, балаларға арналған массаж кабинеттері, қарттарға арналған компьютерлік кабинеттер ашылды. Яғни, ата-әжелер де компьютерлік сауаттылық және басқа жобаларға қатысуға мүмкіндік алды. Бір жыл өтті, бұл жобалардың тұрақтылығы байқалуда.
– Қоғамдық ұйымдарға осы гранттармен жұмыс жүргізуге қандай талаптар қойылады?
– Барлық үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттарға тең қолжетімділік берілген. Біздің грант алушыларға қойылатын талаптар бірдей, олар заңмен және грант ережелерімен бекітілген. Сонымен қатар, әрбір грант аясында біз келісім-шарт жасаймыз және осы келісім-шартқа сәйкес жұмыс істейміз. Үкіметтік емес ұйымдардың гранттық қаржыландыруға өтінім беруін реттейтін екі нормативтік-құқықтық құжат бар: “Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» ҚР Заңы және Гранттар беру ережелері. Жұмыс барысында біз осы 2 құжатқа сүйенеміз. Қойылатын бірінші талап – құжаттардың толық пакеті ұсынылуы керек. Екінші – үкіметтік емес ұйымдар базасында міндетті түрде тіркелген болуы керек. Үшінші – қаржыландыру сомасы ұсынылған лимиттен аспауы тиіс. Егер бұл сомадан жоғары болса, онда біз өтінімді қабылдай алмаймыз. Өйткені бұл гранттық қаржыландыру жоспарынан асып кетеді, ереже бұзылады. Төртінші – ҮЕМ-ның жарғылық қызметі грант тақырыбына сәйкес болуы тиіс. Бұл іріктеудің бірінші кезеңіндегі негізгі критерийлер. Айта кетейін, бұл – мемлекет қаржысы. Сұрауы бар. Біз әр тиын үшін есеп аламыз, бюджет қаражатының барынша ашық бөлінуіне мән береміз. Гранттық қаржыландыру саласына қаражат бөлуді, жеңімпаздарды іріктеуді тәуелсіз сараптамалық комиссия іске асырады. Біздің орталық грант ұтып алған ұйымдардың жұмысын бақылап, мониторинг жүргізеді.
– Гранттар үлестіруде әділ қазылар алқасы қандай критерийлер негізінде таңдалып алынды?
– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар беру жоспарын бекітіп, бізге береді. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы бекітілген мәселелер бойынша байқау жариялайды. Келіп түскен өтініштерді Орталықтың жауапты қызметкерлері байқау талаптарына сәйкес іріктейді. Содан соң әр жобаға жеке нөмір беріп, комиссия қарауына, яғни әділқазылар алқасына жібереді. Комиссия құрамы тәуелсіз сарапшылардан тұрады. Бұл процесс үшін арнайы біліктілігі мен тәжірибесі бар нақты сарапшылар жауап береді. Комиссия құрамына қабылданатын әр сарапшы 3 критерий бойынша бағаланады: 1-ші – білімі, 2-ші – кәсіби тәжірибесі, 3-ші – осындай комиссия құрамында кем дегенде 2 жыл жұмыс өтілі болу керек. Сарапшылар жұмыстың маңыздылығына, нәтижеге қол жеткізуге, әлеуметтік жобаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге назар аударады. Сонымен қатар, сарапшы шығындар сметасы мен оның негізділігін бағалайды. Ал үкіметтік емес ұйым өзінің әлеуметтік жобасын нақты белгіленген мерзімде іске асыру мүмкіндігін бағалайды. Біз үшін әлеуметтік жобалардың сұранысқа ие болып, халықтың қажетіне жарағаны аса маңызды!
– Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың болашағын қалай елестетесіз?
– Қазіргі кезде азаматтық қоғам өкілдері мемлекеттік процестерді басқаруға, шешім қабылдауға белсенді түрде тартылып жатыр. Барлық салада әр деңгейде қоғамдық кеңестер белсенді жұмыс істейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік органдар жұмысына азаматтық қоғамның әлеуетін қолдану қажет деп айтқан болатын. Бұл – қуанарлық жайт. Үкіметтік емес ұйымдардың дамуына жан-жақты жағдай жасалады деп ойлаймын. Мен қоғамдық ұйымдарды болашақта нақты жұмыс нормалары бар және үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес жеткілікті түрде ашық жұмыс істейтін ұйым ретінде елестетемін. Яғни, олар аудиттен өтуді, халықаралық қаржылық стандарттарға сәйкес халықаралық қаржылық есептілікті қалыптастырады. Бұл қадамдар қоғамдық ұйымдарға деген сенімді арттырады. Сәйкесінше, мұндай қоғамдық ұйымдарды қаржыландыруға ниет білдіретін донорлар да көп болады. Олар арқылы қазақстандықтардың өмірі мен әл-ауқатын жақсарту үшін инвестициялардың үлкен көлемін тартатын болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы