Жарияланған күні: 26.11.2020
Бүгін, 2020 жылғы 26 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, IX Азаматтық форум аясында онлайн форматта Донорлар форумын өткізді.
Форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Б.Тілепов, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Б.Нұрғазиева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы М.Қожахмет, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары А.Рахимбаев, халықаралық грант беруші және донорлық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Спикерлер үкіметтік емес ұйымдарды қолдау шараларын, донорлық қызметтің халықаралық тәжірибесін талқылады.
«Бұл форумды біз мемлекеттің, бизнестің, донорлардың және ҮЕҰ-ның азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған ортақ ісі ретінде қарастырамыз»,-деді өз сөзінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Б.Тілепов.
Сондай-ақ, ол халықаралық және шетелдік донорлар қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін нығайтуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға көмектесе отырып, ұлттық дамуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
«Менің ойымша, донорлар форумы – пікірлестер алаңы. Форум спикерлердің сараптамалық пікірін тыңдау үшін ғана емес, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруға дайын әлеуетті донорлық ұйымдармен танысу мақсатында ұйымдастырылды», – деді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Арбат Рахимбаев.
Форум аясында донорлық және грант беруші ұйымдар гранттық конкурстарға қатысу мәселелеріне қатысты консультациялар беру үшін ақпараттық сессия ұйымдастырылды.