Үкіметтік емес ұйымдарға грант беру бойынша бесінші байқаудың нәтижелері қандай

Жарияланған күні: 17.08.2020


Қазақстанда жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға грант беру үшін байқаулар өткізіледі. “ҚазАқпарат” ХАА тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Бәтима Мукина өткізілген бесінші байқаудың нәтижелері туралы айтып берді, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар қандай жобаларға қызығушылық танытатынын айтты.

“Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арасында грант қаражатын грант алушыларға беру туралы шарттар жасалды. 13 тамызда гранттық қаржыландыру бойынша бесінші байқау аяқталды. Үш үкіметтік емес ұйым бейбіт жиналыстар өткізу, репродуктивті денсаулық және отбасылық құндылықтарға қатысты гранттарды жеңіп алды. Бұл өте қызықты жобалар. Жалпы, осы үш жоба бойынша 25 үкіметтік емес ұйымнан 30 өтінім келіп түсті, оның ішінде техникалық сипаттама бойынша тәуелсіз сарапшылардың бағалауы үшін 10 үкіметтік емес ұйымнан 13 өтінім ғана өтті. Байқау комиссиясының отырысы алғаш рет онлайн форматта Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының facebook-тегі ресми парақшасында өтті. Барлық ниет білдірушілер жұмыс процесін бақылау мүмкіндігіне ие болды. Біз жұмысты барынша ашық етуге тырысамыз”, – деді Бәтима Мукина.

Осылайша, “Жастар арасында репродуктивті денсаулықты сақтау мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсету” жобасын іске асыру үшін грантты Жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі Қазақстандық қауымдастығы жеңіп алды. “Ақ босаға” әйелдер қоғамдық бірлестігі отбасылық қарым-қатынасты нығайту бойынша іс-шараларды жүзеге асыру үшін грант жеңіп алды. Ал “Жас заңгерлер палатасы” қоғамдық бірлестігі – “Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу бойынша заңнаманы түсіндіру бойынша семинарлар өткізу» жобасымен конкурсқа қатысып, грант иегері болды.

“Үкіметтік емес ұйымдар тарапынан жастар және отбасы саясатын қолдауға бағытталған жобалар қызығушылық тудырады. Волонтерлер жылына арналған жобалар да біршама қызығушылық тудырды. Волонтер ұйымдары қызығушылық танытты, бізде мұндай ұйымдар өте көп екен. Биыл осы екі негізгі бағыт үкіметтік емес ұйымдар тарапынан сұранысқа ие болып отыр”, – деді ол.

Жалпы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мәліметтеріне сәйкес биыл 107 жобаға 1,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде волонтерлер жылы аясында жалпы сомасы 659 млн теңгеге жуық 26 жоба іске асырылуда. Азаматтық орталықты қолдау және дамыту мақсатында 72 млн теңгеге жуық сомаға 17 жоба қамтылды. Өңірлерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін 14 жоба іске асырылуда, бұл шараға шамамен 45 млн теңге бөлінді. Ал ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру үшін 14 жоба іске асырылуда, қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 113 млн теңгені құрайды. 6 жоба азаматтық қоғамды дамытуға арналған, шамамен 46 млн теңге бөлінді, үш зерттеу жобасы іске асырылуда, 622 млн теңгеге жуық сомаға 20 жоба жастар және отбасы саясатын қолдауға арналған. Бір жоба халық арасында оқуды насихаттауға арналған, бөлінген сома шамамен 12 млн теңгені құрайды. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға 346 млн теңгеге жуық сомаға 5 жоба арналды. Тағы бір жоба жалпы азаматтық бірегейлікке және қазақстандық патриотизмді дамытуға арналған. Бұл 107 жобаны қаржыландырып отырған үкіметтік емес ұйымдар. Осы жобалардың іске асырылуы үшін нақты тұлға, яғни ҮЕҰ жауапты болады.