2026 жылы азаматтық бастамаларды қолдауға 96 шағын грант бөлінеді: өтінім қабылдау басталуда

Жарияланған күні: 10.04.2026


Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, ҮЕҰ мен волонтерлер үшін шағын гранттар байқауын жариялайды.

Бұл жобаның мақсаты — өңірлердегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған азаматтық бастамаларды қолдау және волонтерлік қозғалысты ынталандыру. Байқау аясында үздік деп танылған 96 жобаға қаржылай қолдау көрсетіледі.

 

Қолдау бағыттары мен гранттар саны

Биылғы байқау аясында гранттар төмендегі басым бағыттар бойынша бөлінген:

  • Волонтерлік бастамаларды дамыту (60 грант): Төтенше жағдайлар, экология, медицина, мәдениет, әлеуметтік бағыт және жануарларды қорғау саласындағы волонтерлік жобалар.
  • Инклюзивті қоғамды дамыту (18 грант): Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған жобалар.
  • Ауылдық жерлерді дамыту (18 грант): Ауылдық аймақтардағы өмір сапасын жақсарту және азаматтық белсенділікті арттыруға арналған бастамалар.

Қатысушыларға қойылатын талаптар

Өтінімдер келесі санаттар бойынша қабылданады:

  • Тіркелген үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ);
  • Волонтерлік жобалар бойынша бастамашыл топтар;
  • 18 жастан асқан жеке тұлғалар (волонтерлік бағыт бойынша).

Қаржыландыру және іске асыру

Әрбір жеңімпаз жобаны жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңге қаржы алады. Сонымен қатар, Орталық мамандары жобаны іске асыру кезеңінде әдістемелік кеңес беріп, сүйемелдеу жүргізеді. Жобаларды іске асыру мерзімі — 3 ай.

 

Өтінім беру тәртібі

Байқауға қатысу үшін өтінімдер 2026 жылғы 13 сәуірден бастап 30 сәуірге дейін қабылданады.

Байқаудың толық шартымен, ережесімен және қажетті құжаттар тізімімен Орталықтың ресми сайтындағы «Гранттар» → «Шағын гранттар» бөлімінде танысуға болады.

 

Анықтама үшін: Байқауды гранттық жобаларды жүзеге асырып жатқан үкіметтік емес ұйымдар ұйымдастыруда.