Жанболат Сахметов «Болашаққа қадам» республикалық бизнес-жобалар конкурсының жеңімпазы атанды.
«Болашаққа қадам» республикалық бизнес-жобалар конкурсын «Әйел шұғыласы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың «Азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу» мемлекеттік гранты аясында ұйымдастырды.
Аталған конкурс жас кәсіпкерлерді қолдауды және фандрайзингтің дамуын мақсат етеді.
Жеңімпаздардың бірі – Жанболат Сахметов. Жас болуына қарамастан, ол 2010 жылдан бері шаруашылықты табысты басқарып келеді. Оның қожалығы көпсалалы болып саналады: мұнда ірі қара мен ұсақ мал басы бар.
Барымен тоқтап қалмай, үнемі даму жолдарын іздейтін Жанболат үшін «Болашаққа қадам» конкурсы жаңа мүмкіндікке айналды. Жоба аясында ол шағын құс фермасын ашу идеясын жүзеге асырды. Бұл бизнес-жобаның іске асырылуы Жанболаттың ісін кеңейтуге жол ашса, көрші ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.