Маңғыстау облысы Бейнеу ауылынан жеке кәсіпкер Набия Айлашова төсек-орын өнімдері мен балалар трикотажын тігетін цех ашуды жоспарлап отыр. Бұл бастаманың арқасында мүмкіндігі шектеулі жандарды да қамтитын жаңа жұмыс орындары құрылады. Оның идеясын жүзеге асыру республикалық «Болашаққа қадам» бизнес-жобалар байқауында жеңімпаз атануының нәтижесінде мүмкін болды.
Республикалық «Болашаққа қадам» бизнес-жобалар байқауын «Әйел шұғыласы» қоғамдық бірлестігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың «Азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу» мемлекеттік гранты аясында, Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен өткізді.
Жеке кәсіпкер Набия Айлашова Бейнеу ауылында төсек-орын өнімдері мен балалар трикотажын тігу цехын ашуды көздеп отыр. Цех жергілікті мектеп-интернатты, төрт балабақшаны және 200 орындық аурухананы қажетті өнімдермен қамтамасыз етеді. Осы мақсатта қазірдің өзінде екі әйел оқып жатыр, олардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жан. Гранттың көмегімен цехқа қажетті материалдар мен тігін машиналары сатып алынады. Набия болашақта цехты кеңейтіп, мүмкіндігінше көп жұмыссыз әйелдерді жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.