Қазақстандықтар наурыз айында қандай игі істер жасады
Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында биыл ақпан айында іске қосылған «Ізгі істер марафоны» ұлттық жобасы жалғасуда. Наурыз айында еліміздің 17 өңірінде 2000-нан астам іс-шара өтіп, оған волонтерлер, меценаттар, белсенділер, кәсіпкерлер, оқушылар, студенттер және бейжай қарамайтын азаматтар қатысты, деп хабарлайды «Қазинформ» ХАА.
Марафонға қатысушылар азық-түлік себеттерін таратты, қан тапсырып донор болды, қар тазалауға көмектесті және адамдарға ұзақ жылдар бойы пайдасын тигізетін игі істер атқарды. Мәселен, Балқашта Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа реабилитациялық орталық ашылды. Бұл қаладағы ересектердің денсаулығын нығайтып, сырқаттан кейін еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған алғашқы медициналық мекеме. Орталық 40 орынға есептелген және заманауи медициналық әрі технологиялық құралдармен жабдықталған: механикалық аппараттар, жаттығу құрылғылары, физиотерапия, емдік дене шынықтыру және массажға арналған жабдықтар. Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Балқаш медициналық орталығы» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылған.
Орталықтың атқарушы директоры Бекзат Төлеубековтың айтуынша:
«Бұған дейін Балқашта тұратын науқастарды жыл сайын облыстық клиникаларға жіберетінбіз, ол жерде кезек көп болатын. Енді біз мұнда да медициналық көмек көрсете аламыз. Орталықтың ашылуы тек осы қала тұрғындары үшін ғана емес, сонымен қатар жақын елді мекендерден келетін пациенттер үшін де жақсы жаңалық».
Тағы бір игі іс Көкшетауда жүзеге асты: 1 наурызда жалғызбасты зейнеткерлерге арналған «Мейірімді жүрек Lider.kz» пансионаты ашылды. Жоба тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге де арналған. Пансионаттың жетекшісі Ирина Катухованың айтуынша, бір айдың ішінде мұнда 10 зейнеткер қабылданған, тағы төртеуі алдағы аптада келеді.
«Жеке демеуші – «Тиолайн» ЖШС жалдау ақысын, азық-түліктің бір бөлігін, төрт қызметкердің – үш медицина қызметкері мен санитардың еңбекақысын төлейді. Қалғандары волонтерлік негізде жұмыс істейді. Пансионатымызда күніне алты мезгіл тамақ беріледі, психолог қызметі бар, келушілер медициналық тексерістен өтеді. Мысалы, бізде инсульт алған әже жатыр, арнайы оған арналған функционалды төсек сатып алдық», – деді Ирина Катухова.
Қостанайда да ізгілік эстафетасы жалғасты. 2 наурызда Л.Н.Толстой атындағы облыстық кітапханада үстел ойындарын сүйетіндер клубы ашылды. Енді әр сейсенбі және бейсенбіде мұнда көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандар қызықты әрі танымды уақыт өткізеді. Ал Алматы облысында Наурыз мерекесі қарсаңында «Халық» қайырымдылық қорының «Ел тірегі – Елбасы» акциясы өтті: волонтерлер 2000 мұқтаж отбасына 6000 азық-түлік себетін үлестірді. Қайырымдылық себеттері Ақсу, Балқаш, Алакөл, Ескелді, Сарқан, Қаратал, Көксу аудандарына және Талдықорған, Текелі қалаларына жеткізілді.
Бұл – марафон қатысушылары мақтана алатын игі істердің аз ғана бөлігі. Өткен айда 10 мыңнан астам отбасы көмек пен қолдау алды, ал ең белсенді өңірлердің қатарында Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстары болды.
«Марафонға мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, меценаттар, қоғамдық ұйымдар және жай ғана бейжай қарамайтын адамдар белсене қатысуда, себебі марафонға кез келген адам қатыса алады. Біз отандастарымызды марафонға қосылуға, әлеуметтік желілерде өздерінің ізгі істерімен бөлісуге шақырамыз. Бұл – өзгелерге үлгі болады», – деді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Лима Диас.
Еске сала кетейік, «Ізгі істер марафоны» – адамдарды және ұйымдарды біріктіретін ұлттық жоба. Оның мақсаты – жомарттық пен мейірімділікке негізделген қауымдастық құру. Себебі бұл қасиеттер қоғам мен адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертетін игі әрекеттерге жетелейді.
Барлық ұйымдастыру мәселелері бойынша +7 7172 22 12 24 телефоны арқылы немесе Instagram-дағы @qaiyrymdy_ister_marafony аккаунтына хабарласуға болады.
Барлық құқықтар қорғалған. Белсенді сілтемені пайдаланыңыз: inform.kz