«ЖАСТАРМЕН БІРГЕ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Жарияланған күні: 14.08.2023


Республикалық байқауға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар ғана емес, мемлекеттік органдардың өкілдері де қатыса алады деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

 

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында қоғам белсенділері жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, оларды жастар саясатынан ақпараттандыруға және өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешу процесіне жастар өкілдерін тартуға бағытталған «Жастармен бірге» республикалық конкурсының басталғаны туралы хабарлады. Байқауды «Ules» жобасын іске асыру аясында «Алматы Студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырды.

 

Жоба жетекшісі Жасұлан Қуандықтың айтуынша, байқау жеңімпаздары Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатталмақ.

 

«Конкурсқа қатысу үшін ulesqos.kz сайтында тіркелу қажет. Конкурсқа әр облыстан кемінде 10, республикалық маңызы бар қалалардан кемінде 5 топ қатыса алады. Әр топ кем дегенде 15 адамнан құралуы қажет. Әр топтың құрамында 14 пен 35 жас аралығындағы өңір жастарымен қатар мемлекеттік органның өкілі болуы тиіс. Бұл ауыл немесе аудан әкімдері, әкімдердің орынбасарлары, сондай-ақ жастар саясаты басқармаларының басшылары болуы мүмкін.

Үздіктер Тәуелсіздік күні қарсаңында жобаның демеушілері мен меценаттарынан дипломдармен, сондай-ақ, бағалы сыйлықтармен марапатталады», – деді Жасұлан Қуандық.

Оның айтуынша, үздіктер «Жастарға жақын әкім», «Жастары белсенді өңірі», «Үздік жас маман», «Қайырымды қоғам», «Жастар көшбасшысы» «Креативті өңір»; «Инновациялық өңір»; «Жыл жаңалығы», «Smart аймақ»; «Smart жастар» сияқты 20 номинация бойынша анықталмақ.

«Жастармен бірге» республикалық конкурсына өтінімдер 14-23 тамыз аралығында zhastarmen.birge@gmail.com. электрондық поштасында қабылданады.

 

Аймақтардағы конкурсқа жауапты тұлғалардың байланыс нөмірлері мен қосымша ақпарат ulesqos.kz сайтында қолжетімді.

Айта кетейік, орта мерзімді «Ules» жобасы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба 2024 жылдың соңында аяқталады. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.