ОҚК алаңында өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров “Zhas Project” шағын гранттар конкурсын өткізу кезеңдері туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгіннен бастап, яғни 2024 жылдың 19 ақпанынан 24 наурызына дейін конкурсқа әлеуетті қатысушылар үшін ақпараттық-түсіндіру науқаны өткізіледі. Мысалы, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу, өңірлердегі кездесулер, жастар ресурстық орталықтарымен, жергілікті ҮЕҰ-мен жұмыс істеу, көрнекі өнімдер шығару, Telegram-bot, мастер-класс, колл-орталығының консультациялары, жастармен тренингтер, – деді комитет төрағасы.
Кейін 25 наурызда ұйымдастырушының, оператордың, мүдделі серіктестердің интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде конкурстың басталуы туралы ақпарат жарияланады.
Сөйтіп 25 наурыздан бастап 2024 жылғы 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жастардан өтінімдер қабылдау жүргізіледі. 25 сәуір мен 14 мамыр аралығында комиссия конкурстық өтінімдерді іріктеу бойынша жұмыстар жүргізеді. 15 мамырда ұйымдастырушының интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде іріктеу нәтижелерін қорытындылайды және жарияланады, – деп айтты ол.