Жарияланған күні: 26.04.2024
NEET санатындағы жастар Zhas Project жобасына қатысу үшін 4000-нан астам өтінім берді. Бұл жастарға жергілікті қоғамдастықтардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін қосымша ресурстар мен өз идеяларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін алуға мүмкіндік беретін мемлекеттің маңызды бастамасы. Қазақстанның 20 өңірінде 18-ден 34 жасқа дейінгі жастарға 1 миллион теңгеге дейін шағын гранттар берілетін болады.
Zhas Project жобасының мақсаты – елдегі NEET жастары арасында кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету. Сондай-ақ, жоба жұмыспен қамту және білім беру саласынан тыс жүрген жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, білім беру бойынша қолдау көрсетеді.
Өтінімдер Zhas Project жобасын жүзеге асыратын 10 аймақтық үкіметтік емес ұйымдар арқылы қабылданды. 14 мамырға дейін байқаудың өтінімдері іріктеледі, ал нәтижелер 2024 жылғы 15 мамырда жарияланады.
Осы орайда, өтінімдердің басым бөлігі 26 жастан асқан қала тұрғындарынан түскенін атап өткен жөн.
Өңірлер бөлінісінде Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарынан және Шымкент қаласынан өтінімдер белсенді берілді. Гендерлік көрсеткіш бойынша өтінімдердің 58,6%-ы әйелдерден, ал 41,4%-ы ер адамдардан түскен.
Zhas Project жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылуда.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы БАҚ өкілдерін Zhas Project жобасы бойынша сараптамалық кеңестердің құрамына кіруге шақырады. Ұйымдастырушылардың байланыстары, сондай-ақ толық ақпарат Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының https://cisc.kz/ сайтында орналасқан.