Жалағаштықтар көше мәдениетін қалай дамытуда

Жарияланған күні: 30.03.2022


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қолдауы Қызылорда облысына қарасты Жалағаш кентінің тұрғыны Назерке Құлымбайға «TALANT» атты жобаны іске асыруға көмектесті. Бүгін бойжеткеннің бастамасымен ауылда шығармашылық кештер, мерекелік концерттер, қызықты кездесулер жиі өткізілетін болды.
Жалағаш аудандық Жастар ресурстық орталығының белсендісі Назерке Құлымбай бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асырыпты. Туған ауылының дамуына өз үлесін қосуды бойжеткен өзінің негізгі парызы деп санайды.
«Менің мамандығым – ағылшын тілінің аудармашысы. Мемлекеттен ұтып алған алғашқы грантым да осы саланы қамтиды. Мен 2018 жылы ағылшын тілін тегін оқытуға бағытталған жобаны іске асырғанмын. 1 миллион теңгеге шет тілін үйренуге қажеттінің бәрін сатып алып, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балаларына сабақ бердім. Әр адам қоғам үшін пайдалы болғысы келеді. Қоғамға да пайдаңды тигізген маңызды. Мен өзімнің әр түрлі салада хабарым болғанын қалаймын», – дейді ол.
Өткен жылы Назерке ауыл жастары арасында көше мәдениетін қалыптастыру және дамыту үшін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан шағын грантқа ие болған-ды. Жоба жас таланттарды қолдауды, жергілікті орындаушылардың өнерін дәріптеуді көздеді. Идея авторының айтуынша, Жалағаш жастары бастаманы жылы қабыл алған.
«Бұл жобаны мен ауыл белсенділерімен, достарыммен бірлесіп жүзеге асырдым. 500 мың теңгеге жергілікті шағын өнер студиясы үшін комбо күшейткішті, акустикалық гитараны, орындығы бар сымды микрофонды, Zhalagash Zhastary деген жазуы бар неонды шамды сатып алдық.
Енді жастар мерекелік іс-шараларды қуана ұйымдастырып, бірегей концерттік нөмірлер дайындайды. Жас таланттардың қазір бұрынғыға қарағанда жиірек кездесетінін, дайындық шараларын жүргізетінін, түрлі деңгейдегі шығармашылық байқауларға дайындалатынын атап өтейін»,- деді Назерке.
Назерке Құлымбайдың жобасы өз жалғаксын табуда. Жазғы маусымның басталуымен өнерлі жастар саябақтарда шығармашылық кештерді өткізуге ниетті. Ал бастамашыл топтың жетекшісі шағын гранттар конкурстарына қатысуды жоспарлап отыр.
«Біздің қоғам жастардан өзгерістер мен жаңа жобаларды күтеді. Мемлекет бізге өз идеяларымыз бен мақсаттарымызды жүзеге асыруға ғана емес, сонымен бірге өз білімімізді жетілдіруге, жан-жақты дамуға мүмкіндік беретіні қуантады», – дейді қоғам белсендісі.
Еске салайық, 2021 жылы Қазақстанның барлық өңірлерінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ауылда азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы іске асырылған болатын. Оның шеңберіндегі барлық бастамалар гранттық қаражат есебінен жүзеге асырылды. Ауылдық жерлердегі өмірді жақсартуға бағытталған азаматтық бастамаларды дамытуға акционер 60 шағын грант бөлді.