Үкіметтік емес ұйымдар жалпыұлттық жобаларды іске асыруға кірісті

Жарияланған күні: 20.04.2023


Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдары әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған жалпыұлттық жобаларды іске асыра бастады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша биыл ел өңірлерінде 47 гранттық жоба іске асырылмақ. Мемлекеттік гранттардың жалпы сомасы 2,7 млрд теңгені құрайды.

«Биыл Оператор алғаш рет мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсты жаңа механизм шеңберінде өткізді. Осылайша, үкіметтік емес ұйымдар қаржыландыру көлеміне, іске асыру мерзімдеріне, есептілікке қойылатын талаптарға сәйкес қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді гранттық жобаларды іске асырады.
Байқауға еліміздің барлық өңірлерінде тіркелген ҮЕҰ қатысты. Грант иегерлерін кездейсоқ сандар рандомайзерінің көмегімен құрылған сараптамалық комиссия анықтады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін сарапшыларды іріктеу процессі мен комиссия отырыстары Оператордың Facebook-тегі парақшасында тікелей эфирде көрсетілді. Мұнда сондай-ақ, жобалардың онлайн таныстырылымы өтеді», – деп мәлімдеді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында.

Мұнымен қоса, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Орталық үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 2024 жылдың соңына дейін 9 жалпыұлттық жобаны іске асыруды жалғастыруда.

Бұдан бөлек, биыл Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының жергілікті атқарушы органдарының 50 гранттық жобасының операторы атанды.
Орталықта атап өткендей, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру көздерін кеңейту жұмыстары жалғасады.