Жарияланған күні: 28.10.2021
Бүгін ҚР Ақпарат дәне қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілеповтің төрағалығымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Үкіметтік емес ұйымдар академиясы жұмысының қорытындылары шығарылды. Кездесуге Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, ALMAU саясат және құқық мектебі, Астана Халықаралық университеті, «Қазақстандық Медиация орталығы» ЖМ, «SmartCharity» ҚҚ, «Белес» талдау және стратегия орталығы ҚБ өкілдері қатысты. Басқа өңірлердің үкіметтік емес ұйымдары шараға онлайн режимде қосылды.
Жиынды ашқан вице-министр үкіметтік емес сектор мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған жобаны іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Үкіметтік емес ұйымдар жыл өткен сайын қоғамдағы рөлін арттырып келеді. Бүгіннің өзінде, сарапшылардың мәліметтері бойынша, 20 мыңнан астам адам осы салада жұмыс істеп, халыққа өз қызметін көрсетіп отыр. Сол себепті үкіметтік емес ұйымдары мамандарының өз біліктілігін арттырып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсете алуы, өз қызметінің саласын дамыта алуы аса маңызды.
Жоба аясында қоғам белсенділеріне білімнің қай саласында ақпарат тапшылығы барын анықтауға мүмкіндік берген зерттеулер жүргізілді. Сонымен қатар, ҮЕҰ-ны оқыту бағдарламасы әзірленді.
Ал мобильді оқыту жобаның ең негізгі компоненті деп танылды. Жуырда барлық модульдер бойынша ақпаратпен қамтылған мобильді қосымша іске асырылатын болады», – деді Болат Тілепов.
Нұр-Сұлтан қаласында Үкіметтік емес ұйымдар академиясының жұмысы қорытындыланды. Осы маусымда қазақстандық ҮЕҰ-ның 1 000-нан астам өкілі оқытылды.
Жоба жетекшісі Ирина Виговскаяның айтуына қарағанда, осы маусымда қазақстандық ҮЕҰ-ның 1 000-нан астам өкілі осы Академияда білім алған. Оның пікірінше, жоба ұзақ мерзімді перспективада азаматтық сектордың әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлік пен азаматтардың өзін-өзі ұйымдастыру тетігін күшейтуге, халықтың мемлекеттің экономикалық саясатына деген сенімін қалпына келтіруге, сондай-ақ, ҮЕҰ-ның қаржылық, кадрлық, материалдық және материалдық емес ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұнымен қоса, жоба шеңберінде Қазақстанда бейімделген оқыту курсы бар мобильді қосымша іске қосылмақ. Қазіргі уақытта ол тестілеу режимінде жұмыс істейді.
«Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, сарапшылар оқыту тақырыптарының тізімдемесін жасады. Жалпы білім беру компонентінде әрқайсысы 5 тренингтен тұратын 8 білім беру модулі қарастырылған. Оқыту тақырыптарының қатарына маркетинг және PR, фандрайзинг, жобаларды басқару, ақпараттық технологиялар, әлеуметтік жобалау және басқалар кіреді», -деді ол.
Қазақ және орыс тілдерінде үш лекте ұйымдастырылған «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде оқыту жеке бағытта өтті. Мұнда ҮЕҰ-ның 167 өкілі әлеуметтік маркетинг, қаржылық сауаттылық, тиімді басқару және т.б. бойынша жаңа білімдер алды.
«Бүгін әлеуметтік кәсіпкерлік идеясы көптеген алдыңғы қатарлы елдердің саясатында көшбасшы орындарға ие. Әлеуметтік бизнес елдегі әлеуметтік саясаттың тұжырымдамасы мен көрінісін өзгерту құралына айналуда, әлеуметтік икемділікті, интеграцияны дамытуға, жұмыспен қамтуды ұлғайтып, кедейлікті азайтуға, халықты жандандыруға, қоғамның инновациялық дамуына ықпал етеді. Мұндай жобаны қолдау халықты экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік нақты мәселелерді шешуге тартуға мүмкіндік береді», – деді өз сөзінде жоба серіктесі, «Астана» Халықаралық университетінің президенті Серік Ырсалиев.
Үшінші бағыт «Тренерлерге арналған тренинг» бағдарламасы білікті тренерлерді дайындауға және олардың жеке оқыту курстарын әзірлеуге бағытталған. Бұл бағдарлама бойынша 42 қатысушы оқытылды. Қарқынды оқытудан кейін жаңадан келген тренерлер тәлімгерлермен бірге жұмыс істей бастады және өздерінің авторлық тренингтерін өткізіп жатыр.
Шара соңында жоба қатысушыларына ҮЕҰ Академиясында білім алғандығы жөніндегі сертификаттарды табыстады. Сертификаттарға республиканың барлық өңірлеріндегі үкіметтік емес ұйымдардың 811 өкілі ие болды.
Еске салайық, «Азаматтық бастамалар орталығы» ҚБ жүзеге асыратын «ҮЕҰ Академиясы» жобасы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен үкіметтік емес секторды дамыту үшін жағдай жасау мақсатында 2021 жылдың наурыз айында басталған болатын. Тапсырыс беруші – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.