ҮЕҰ құқық қорғаушылардың мәртебесін заңнамалық анықтау мәселесін көтерді

Жарияланған күні: 08.11.2021


ҮЕҰ-ға қатысты құқық қорғаушылар қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлеу мәселелерін талқылау бойынша пікірталас алаңы барысында ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет үкіметтік емес сектордың осы мәселе жөнінде ұсыныстарын тыңдау мүмкіндігінің өзектілігін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғаушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар әзірлеуді тапсырған болатын.
Бүгін «Азаматтық қоғамды дамытудағы диалог алаңдарының рөлі: халықаралық тәжірибе» жобасын іске асыру шеңберінде қызметтері адам құқықтарын қорғауға бағытталған ҚР АҚДМ, ҚР Бас прокуратурасы, ҚР ӘМ, ҚР ІІМ, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық және ҮЕҰ өкілдерінің кездесуі өтті.
Мадияр Қожахмет кездесудің мақсатын атап өтті:
«Біз осы саладағы жағдайды жақсарту үшін үкіметтік емес сектордың құқық қорғаушылар қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарын тыңдауға жиналып отырмыз. Бүгінде Қазақстанда 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген, оның ішінде 632-і өздерінің жарғысына сәйкес құқық қорғау қызметін жүзеге асырады.
Құқық қорғаушылар – бұл біздің елімізде бейбіт және әділ қоғам үшін жұмыс істейтін адамдар. Олардың қызметі құқықтық қорғауды қажет етеді».
Ол келіп түскен барлық ұсынымдар мен ұсыныстар Президент Әкімшілігіне енгізілетінін атап өтті.
ҮЕҰ заңнамаға, соның ішінде халықаралық құжаттарға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, ҮЕҰ құқық қорғаушылардың мәртебесін заңнамалық анықтау мәселесін көтерді.
«Азаматтық қоғамды дамытудағы диалог алаңдарының рөлі: халықаралық тәжірибе» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстанның Азаматтық Альянсы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асырылуда.