ҮЕҰ өкілдері іске асырылып жатқан жалпыұлттық жобалар туралы айтып берді

Жарияланған күні: 20.04.2022


Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов мемлекеттік гранттар байқауының жеңімпазы атанған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
Кеңеске қатысушылар жобаларды іске асыру, ҮЕҰ әлеуетін арттыру және сапалы жобалық ұсыныстарды әзірлеу мәселелерін талқылады.
«Биыл біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Жалпыұлттық жобалардың сапалы іске асырылуын, олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан біз үкіметтік емес сектор ұсынып жатқан бастамаларды қолдауға дайынбыз. Бұл, ең алдымен, әріптестікті ұйымдастыруда, мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуде көмек болады. Біз ҮЕҰ – ға бастамаларды неғұрлым белсенді ілгерілетуге көмектескіміз келеді.Тұтастай алғанда, қоғамның назарын әлеуметтік маңызды бағыттардағы проблемаларды шешуге аудартқымыз келеді» – деп атап өтті Александр Данилов.
Кездесу аясында үкіметтік емес сектор өкілдері жастар және отбасы саясатын дамытуға бағытталған жалпыұлттық жобалар туралы айтып берді.
Ұсынылған жобалардың барлығы дерлік экологиялық мәдениетті дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, құмар ойындар мен Интернетке тәуелділіктің алдын алу, еріктілердің жұмысы сияқты маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.
Еске салайық, биыл ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік гранттарды 53 тақырып бойынша ұсынды. Гранттық жобалар түрлі әлеуметтік салалардағы адам және бала құқықтарын қорғау, гендерлік теңдікті дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және ұлттық бірлікті ілгерілету сияқты 15 бағытты қамтиды.