Жарияланған күні: 28.10.2022
Қоғам белсенділерінің бастамасымен ашылған Түркістан облысының Шардара қаласындағы «Жастар» аллеясына 100 жас тал көрік берді деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Шардарада «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» гранттық жобасының аясында жаңа «Жастар» аллеясының ашылуы өтті.
Іс-шара барысында аллея аумағында еріктілер кипарис және қылқан жапырақты ағаштардың 100-ге жуық көшеті отырғызды. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл ағаш түрлері жоғары күтімді қажет етпейді.
«Біздің экологиялық акция елордада басталып, Маңғыстау және Павлодар облыстарында жалғасты. Бүгін Түркістан облысында акциямызды аяқтап отырмыз. Қоғам белсенділері, еріктілер, эковолонтерлер мен оқушылар қатысқан науқан қаланың экологиялық жағдайы мен эстетикалық келбетін жақсартуға қолайлы жағдай жасайды деп үміттенеміз», – деп атап өтті Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы Ғалым Құрман.
Республикалық жобаның басынан еліміздің әртүрлі өңірлерінде 700-ге жуық көшет отырғызылды. Қазақстанның экологиялық қорының бастамасымен мектептердің аумақтары көгалдандырылып, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін дамытуға және қоршаған ортаға деген жауапкершілігін тәрбиелеуге бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілді.
«Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.